Астанада қоғамдық көлік тарифі 150 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін

Фото: gov.kz

Астанада қоғамдық көлікте жүру ақысы 150 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Жаңа тарифті желтоқсан айының ортасынан бастап енгізу ұсынылды, деп хабарлайды «24KZ» елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 2014 жылы автобус жолақысы 90 теңге болып белгіленген. Содан бері тариф бір рет қана өзгеріп, бүгінде 110 теңгені құрап отыр.

Соңғы 12 жылда тасымалдаушылардың шығыны едәуір артқан. Атап айтқанда, дизель отынының литрі 107 теңгеден 329 теңгеге дейін қымбаттаған. Ал жүргізушілердің жалақысы 100–150 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін және одан жоғары өскен. Автобустарды жөндеу, техникалық қызмет көрсету және қосалқы бөлшектер сатып алу шығындары да көбейген.

Әкімдік мәліметінше, соңғы үш жылда елордадағы қоғамдық көлік паркі 1127 жаңа автобуспен толыққан.

Жолақы өзгерген жағдайда әлеуметтік жеңілдіктер сақталады. Зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар және өзге де жеңілдік санатындағы тұрғындар қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балаларға да тегін жол жүру мүмкіндігі сақталады.

Әкімдік жаңа тариф қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, автобус паркін жаңартуға және бағыттар желісін дамытуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз: