3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылған. Бұл тең мүмкіндік жасалған деген сөз бе?

Qazaq Expert Club

Экономикалық және білім беру саласындағы теңсіздіктің өзара байланысты екені белгілі. Табысы жоғары отбасылардың балаларын жан-жақты дамытуға мүмкіндігі де көбірек.

Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы Жазира Асанованың айтуынша, мәселе балалардың мектепке әртүрлі дайындық деңгейімен келуінде емес, сол айырмашылықтардың ескерілмеуінде.

«Сыныпта балалардың оқулықтары мен оларға қойылатын талаптар бірдей болуы мүмкін. Бірақ мектептен тыс мүмкіндіктері әртүрлі. Бірінің қосымша сабаққа қатысуына, тәлімгерден көмек алуына жағдайы бар. Екіншісіне ата-анасының уақыты, отбасының табысы, көлік қатынасы, тіпті интернет сапасы да кедергі болуы мүмкін. Жылдар өте келе бұл айырмашылықтар баланың өзіне деген сеніміне, қызығушылығына және оқу нәтижесіне әсер етеді», – дейді сарапшы.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 3,5 млн бала қосымша білім берумен қамтылған. Олардың 2,2 миллионы тегін үйірмелер мен секцияларға қатысқан. Бұл – маңызды жетістік. Алайда қамту көрсеткішінің өзі нақты бір баланың қандай таңдау мүмкіндігі бар екенін көрсетпейді.

«Екі оқушы да статистикада үйірмеге қатысатын бала ретінде есептелуі мүмкін. Бірақ олардың біреуі үйінің жанындағы бірнеше бағыттың ішінен таңдау жасаса, екіншісі қолжетімді жалғыз секцияға барады. Кейбір өңірлерде қосымша білім беруді ваучерлік қаржыландыру кезегінде 15 мыңнан астам бала тұруы мүмкін. Демек, сұраныс пен нақты қолжетімділік арасында айтарлықтай алшақтық болуы ықтимал», – деп түсіндіреді Асанова.
 
Үйірмеге қатысу мүмкіндігі қанша тұрады?
 
2026 жылғы ашық ұсыныстарды зерттеген сарапшы ірі қалалардағы жекеменшік дамыту орталықтарында сегіз сабақтың құны 25–45 мың теңге екенін есептеген. Кейбір облыс орталықтарында 12–32 мың теңге тұратын бағдарламалар кездеседі. Мемлекеттік ұйымдардағы ақылы үйірмелердің бағасы 1 200 теңгеден 15 мың теңгеге дейін өзгерсе, ауылдар мен аудан орталықтарында орташа баға 5 мың теңгеден аспайды.
 
«Бұл – ел бойынша жасалған бірыңғай баға рейтингі емес. Өйткені қалалардағы жекеменшік орталықтар мен мемлекеттік қосымша білім беру мекемелері сабақтардың әртүрлі форматтарын ұсынады. Дегенмен салыстыру маңызды бір ерекшелікті көрсетеді. Шағын елді мекендегі бағаның төмен болуы баланың өзі қызығатын бағытты таңдай алатынын білдірмейді. Мәселен, ауылда тек музыка немесе сурет үйірмесі ғана жұмыс істеуі мүмкін. Ал баланың робототехникаға немесе спорттың басқа түріне қызығушылығы болса ше? Кейде бала қалаған үйірме көрші ауданда ғана болады. Бірақ оған бару да оңай емес: сабақ уақыты сәйкес келмейді немесе қатынайтын көлік жоқ».
 
Егер отбасы әрқайсысы 25 мың теңге тұратын үш бағытқа ақы төлесе, айына 75 мың теңге шығады. Ал төрт бағытқа қатысса, бұл сома 100 мың теңгеге жетеді. Тоғыз оқу айында бір балаға 675–900 мың теңге жұмсалады. Бұған жолақы, арнайы киім, қажетті материалдар мен жарыстарға бару шығындары кірмейді».
 
Бұдан бөлек, уақыт шығыны да бар. Ата-ана жұмыстан кешкі алтыда шығады, ал үйірме бесте басталады. Немесе ауылға қатынайтын соңғы автобус сабақ аяқталғанға дейін кетіп қалады. Сарапшының пікірінше, үйде тұрақты интернет байланысы мен қолайлы құрылғы болмаса, қашықтан оқыту форматы да тиімді болмайды.
 
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жағдайы бөлек қарастыруды талап етеді. Бір балаға оқу процесін бейімдеу және мектеп мамандарының көмегі қажет болса, екіншісіне жеке ұсынымдар негізінде тұрақты түзету-дамыту сабақтары керек. Мұны баланың қалауы бойынша қатысатын қосымша үйірмемен бір қатарға қоюға болмайды. Өйткені мұндай көмек оның білім беру процесіне толыққанды қатысуы үшін қажет.
 
«Логопедпен жеке сабақтың құны 5 мың теңгеден, ал арнайы педагогпен (дефектологпен) сабақ 8,5 мың теңгеден басталады, – деп есептейді Асанова. Әр маманға аптасына бір рет қана барғанның өзінде айына қомақты қаражат жұмсалады».
 
Сонымен қатар Қазақстанда тегін мемлекеттік психологиялық-педагогикалық қолдау қарастырылған. Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала есепте тұр. Елде 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және 240 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Сондықтан сарапшының пікірінше, отбасының қажетті көмекті қаншалықты тез әрі жеткілікті көлемде ала алатынын және ол үшін қанша жерге баруға тура келетінін түсіну маңызды.
 
Балалар арасындағы айырмашылықтар қалай ұлғаяды?
 
Француз әлеуметтанушысы Пьер Бурдье мәдени капитал ұғымы арқылы баланың отбасында және өскен ортасында жинақтайтын білімін, дағдыларын, әдеттері мен мәдени тәжірибесін сипаттаған. Мәселен, кітап оқып, оны талқылау, сұрақ қою, өз ойын жеткізу, жаңа ортада еркін қарым-қатынас жасау сияқты дағдылар мектепке дейін-ақ қалыптаса бастайды. Уақыт өте келе мұндай тәжірибе балалардың оқу мүмкіндіктеріне де әсер етуі мүмкін
 
«Бала мектептен тыс жерде де көп нәрсені танып-біледі және меңгереді мысалы үйде, құрдастарымен қарым-қатынаста, үйірмелерде, кітапханаларда және басқа да орындарда. Алғашқы сабақ оның қызығушылығын оятуы мүмкін. Кейін тәлімгер пайда болады, тәжірибе жинақталады, байқауларға қатысады, болашақ мамандығы туралы түсінігі қалыптасады. Шалғай ауылдағы бала үшін мұндай жол көбірек сапарды, қаражатты және дербестікті талап етуі мүмкін. Бұл оның қабілеті төмен деген сөз емес. Тек сол қабілеттерді дамыту мүмкіндіктеріне қол жеткізу қиынырақ», – деп толықтырады сарапшы.
 
PISA халықаралық зерттеуі де отбасындағы білім беру ортасын ескереді. 2000, 2009, 2018 және 2022 жылдардағы зерттеулерде оқушылардан оқулықтарды есептемегенде, үйлерінде қанша кітап бар екені сұралған. Бұл деректер баланың өсіп жатқан ортасы мен оның оқу нәтижелері арасындағы байланысты зерттеу үшін пайдаланылады.
 
Барлық отбасының жағдайын бірдей ету мүмкін емес. Бірақ отбасының ресурстары жеткіліксіз болған жағдайда мектеп пен жергілікті қоғамдастық балаларға көмектесе алады.
 
Білім беру мүмкіндіктеріндегі алшақтықты азайту үшін не істеу керек?
 
«Бірыңғай білім беру стандарттары әр балаға негізгі білім деңгейін меңгеруге мүмкіндік беруі тиіс. Бірақ оқушы бесінші сыныпта бөлшектер тақырыбын түсінбесе, келесі тақырыпқа көшу бұл олқылықты өздігінен жоймайды. Екі жылдан кейін математикадағы қиындықтар тұрақты мәселеге айналып, қосымша сабақтардың шығыны ата-ананың мойнына түсуі мүмкін.
 
Мектеп баланың қиындықтарын ерте байқаған кезде ғана алшақтықты азайтуға көмектесе алады. Ол үшін оқушының нақты нені түсінбегенін анықтап, қажетті қолдау ұйымдастырып, нәтижесін бақылау керек. Бұған консультациялар, шағын топтардағы сабақтар және мұғалімдердің қолдау көрсететін мамандармен үйлесімді жұмысы қажет», – дейді сарапшы.
 
Оның айтуынша, мұның негізінде сапалы сабақ тұруы тиіс. Мұғалімге сабаққа дайындалуға және нәтижелерді талдауға уақыт, әдістемелік қолдау, сондай-ақ оқыту тәсілдерін балалардың қажеттіліктеріне бейімдеу мүмкіндігі қажет. Жаңа әкімшілік міндеттерді олардың оқыту сапасына көмектесетініне немесе сабаққа қажетті уақытты алатынына қарай бағалаған жөн.
 
Ал егер мектеп білімдегі барлық олқылықтарды отбасы өз күшімен және өз қаражатына жояды деп есептесе, балалар арасындағы айырмашылықтар одан әрі ұлғаяды.
 
«Секцияларға қатысу мәселесіне келсек, деректер тек облыстар бойынша ғана емес, аудандар, ауылдар мен шағынаудандар деңгейінде де қажет. Мың балаға шаққанда қанша бағыт қолжетімді? Тегін сабақтарға кімдер тұрақты қатысады? Жолға қанша уақыт кетеді? Отбасы ваучерді немесе маман көмегін қанша уақыт күтеді? Осындай мәліметтер қай жерде жаңа үйірме, қай жерде көлік, ал қай жерде педагог немесе түзету кабинеті қажет екенін нақтырақ түсінуге мүмкіндік береді», – дейді Асанова.
 
Отбасы, мектеп және мемлекет не істей алады? Сарапшының пікірінше, ата-аналар баланың әр кешін ақылы сабақтармен толтыруға міндетті емес. Кітап оқу және оны бірге талқылау, жергілікті мәдени іс-шараларға қатысу, тегін оқу материалдарын пайдалану және бірлескен жобалар да баланың тәжірибесін кеңейтеді.
 
«Ата-аналардың уақыты немесе ресурстары жеткіліксіз болған жағдайда отбасыларға көмектесетін бағдарламалар да бар. Мысалы, Сингапурдағы kidsREAD бағдарламасы аясында еріктілер әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалармен тұрақты түрде кітап оқиды. Бұл олардың сөйлеу дағдыларын, сөздік қорын және кітапқа деген қызығушылығын дамытуға көмектеседі. Қоғамдық кітапханалар да балалар мен отбасыларға арналған сабақтар ұйымдастырады».
 
Қазақстан үшін ақпараттың қолжетімділігі де маңызды. Отбасылар мемлекеттік тапсырыс аясында қандай тегін сабақтар өткізілетінін және мектеп қандай көмек ұсынатынын білуі қажет. Қазір сарапшының пікірінше, мұндай мәліметтерді әртүрлі сайттардан, чаттардан және хабарландырулардан іздеуге, телефон арқылы нақтылауға тура келеді. Бұл әсіресе аудан орталықтары мен ауыл тұрғындары үшін қиын болуы мүмкін. Тегін бағдарламаны пайдалану мүмкіндігі ол туралы ақпаратты қаншалықты оңай табуға болатынына да байланысты.
 
Сарапшы бұл мәселеде мектептің, жергілікті басқару органдарының, мәдениет мекемелері мен бизнестің міндеттері әртүрлі екенін атап өтеді. Мектеп оқыту сапасына, білімдегі олқылықтарды дер кезінде анықтауға және балаларды, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды қолдауға жауап береді. Жергілікті басқару органдары үйірмелердің, көліктің және қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Ал мәдениет мекемелері мен әлеуметтік жауапты бизнес бұл жұмысты ұзақ мерзімді бағдарламалар арқылы толықтыра алады.
 
«Тең мүмкіндіктердің басты өлшемі – ашылған үйірмелердің саны да, барлығына бірдей жасалған сабақ кестесі де емес. Ең маңыздысы – баланың отбасы табысы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, негізгі оқу бағдарламасын меңгеруі, қажетті көмекті алуы және өзі қызығатын бағытта қабілетін сынап көруі.
 
Мұндай мүмкіндіктерді тек мектептің немесе отбасының күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Ол үшін білім беру жүйесінің, мәдениет мекемелерінің, жергілікті басқару органдарының және басқа да қатысушылардың үйлесімді жұмысы қажет. «Мемлекеттің міндеті – барлық отбасының тұрмыс жағдайын теңестіру емес. Ең бастысы, баланың болашағы ата-анасының табысына немесе қай жерде тұратынына тәуелді болып қалмауы керек», – деп қорытындылайды Жазира Асанова.

Сондай-ақ оқыңыз: