Еңбек ете білгенге шектеу жоқ: диагнозына қарамастан отбасын асырап жүрген шебер
Әлеуметтік қолдау шынымен де тығырыққа тірелгендерге аса қажет. Алайда ол ешқашан тұрақты табыстың орнын баспауы тиіс. Егер адам еңбек етуге қабілетті болса, бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдалануы маңызды. Өйткені отбасы мен қоғамның амандығы жәрдемақы күтуге емес, адал еңбекке, жауапкершілікке және дербестікке негізделеді. Мұны денсаулығында ауыр шектеулері бола тұра, ешқашан мойымайтын, отбасының жүгін нағыз ер азаматша көтеріп жүрген кейіпкеріміздің өмір жолы айқын дәлелдейді, деп хабарлайды «24KZ».
Ильнар Айтняков церебаральды сал ауруы диагнозына қарамастан, күрделі компьютер жөндеу жұмыстарын емін-еркін атқарады. Бұл мамандықты ол жасөспірім кезінен өзі меңгеріп, бүгінде бауырымен бірге техниканы жөндеу және сатумен айналысып келеді. Дегенмен, қазіргі уақытта жаңа техникаға деген сұраныстың артуына байланысты табыс табу қиындап кеткен. Отбасындағы жалғыз асыраушы – Ильнардың өзі. Жұбайы бірінші топтағы мүгедек, көзі көрмейді, жұмыс істемейді, ал отбасының негізгі кірісі – мүгедектік жәрдемақысы мен тапқан шағын табысы. Десе де, ол ешқашан мойымайды.
Күн сайын еңбек етеміз, өйткені ешкім саған бәрін дайын күйінде әкеп бермейді. Менің ұстанымым осындай. Қаншалықты қиын болса да, бауырыма да оңай тимейтінін білемін, бірақ тірі тұрғанда, қозғала алғанша соңына дейін алға ұмтыламыз. Егер қаласаң, бәрін үйренесің. Мен қаладым, үйрендім. Кейбіреулердің қол-аяғы, басы түгел болса да, “қолымнан келмейді” дейді, бұлай болуы мүмкін емес. Ең бастысы – иықта бас болуы керек. Мен өзімді мүгедек санамаймын, қозғалысы шектеулі адаммын деп есептеймін, бірақ бұл толыққанды өмір сүруіме еш кедергі етпейді, – дейді Астана қаласының тұрғыны Ильнар Айтняков.
Бұл оқиға денсаулық мүмкіндігі шектеулі жандардың да кәсіби тұрғыдан қалыптасып, адал еңбекпен отбасын асырай алатынын нақты дәлелдейді.