Ақтөбе облысында еңбек адамының есімі ұлықталды

Ақтөбе облысында әлемдік рекорд орнатқан әйгілі диқан Шығанақ Берсиевтің есімі ұлықталды, деп хабарлайды 24KZ.

Қажырлы еңбегімен төрткүл дүниені мойындатқан Ақ тарының атасы – Шығанақ Берсиевтің туғанына биыл 145 жыл толды. Айтулы мерекеге орай өңірде тарихи-танымдық көрме ұйымдастырылып, еңбек адамына арналған кітаптың тұсаукесері өтті.

Шығанақ Берсиевтің мерейтойына жиналғандар диқанның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров қайраткердің есімін ұлықтап қана қоймай, оның игі ісін жалғастыру керектігін жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы: «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев адал еңбекті дәріптеуге, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Шығанақ Берсиевтің өмір жолы осы басымдықтармен толық үндеседі», – деп атап өтті.

Идош Асқар, ҚР құрметті журналисті:

– Шығанақ әлі зерттелмеген тұлға. Осы уақытқа дейін Шығанақты зерттейміз деп жүріп Шығанақтың өнімін зерттедік. Біздің зерттейтін адамымыз Шығанақ болуы керек. Себебі ол үлкен ой мен үлкен ақылдың адамы болған.

Шығанақ Берсиев сұрапыл соғыс жылдары әр гектардан 201 центнер өнім алған. Бұл әлемдік рекорд әлі күнге дейін жаңарған жоқ. Диқан еккен ақ тары қан майдандағы жауынгерлерге де жеткен. Бүгінгі салтанатты іс-шараға келген диқанның ұрпақтары оның еңбекқорлығымен қатар білікті ұйымдастырушы болғанын да еске алды.

Мұхамбетқали Ешмұхан, Ш. Берсиевтің жиені:

– Нағашымның іскерлігі, еңбекқорлығы туралы мәліметтер өте көп. Ол кісінің адамдарды танығыштығы олардың психологиялық ерекшеліктерін байқағыштығы да білінеді. Адамдардың көңіл күйін, тату тәтті жұмыс теуіне де назар аударатынының бір көрінісі болып есептеледі.

Егіншілік дәстүрі ел ішінде бүгін де жалғасын тапты. Ойыл ауданының шаруалары әлі күнге дейін елімізді тарымен қамтамасыз етіп келеді. Салтанатты жиын барысында ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп, қажырлы еңбегімен көпке үлгі болып жүрген еңбек адамдары марапатталды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Сондай-ақ оқыңыз: