Қайырымдылыққа қаржы жинау тәртібі қатаңдайды
Елде әлеуметтік желі арқылы ақша жинайтындар қатаң бақылауға алынады. Қазір тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұдан былай халықтан қаржы жинау үшін «қайырымдылық еріктісі» мәртебесін алу міндетті. Сондай-ақ жиналған жылудың қайда және қалай жұмсалғаны жайында ашық есеп сұралады.
Назерке Тоқжан, тілші:
– Желіде отырып, жұрттан жылу жинау енді қиындай түспек. Мәдениет және Ақпарат министрлігі жаңа заң жобасын әзірледі. Енді қарашадан қаржы сұраушылар ескеруі тиіс бірнеше жайт бар. Біріншіден, «қайырымдылық еріктісі» мәртебесін алу міндетті. Яғни қаражат бөтен біреу үшін жиналса, сол адамның рұқсаты болуы шарт. Бұған қоса, халықтан жиналған әр теңгеге бұдан былай сұрау салынады. Есеп-қисаптың мұндай түрі жылына 1 рет тапсырылады. Сондай-ақ жаңа заң жобасында қайырымдылық қорының әкімшілік шығындарға жұмсайтын қаражаты да нақты көрсетілген. Ол енді 20 пайыздан аспауы тиіс.
Айнұр Аймурзина, жұмыс тобының мүшесі:
- Бұрынғы заң бойынша қайырымдылық қорлары өздерінің әкімшілік шығындарына қаржының қанша пайызын жұмсай алатыны белгіленбеген. Ал қазіргі заң нормасы бойынша жиналған қаражаттың ішінен 80 пайызынан кем емес қайырымдылық жобаларына жұмсалуы керек. Заң бойынша әр жылдың 31 наурызына дейін қайырымдылық қорлары есеп тапсырулары керек. Бірақ бұл норманы барлығы жасай бермегендіктен, жаңа заң бойынша жаза қарастырылған. Егер қанша жинап, қанша шығын жасағаны туралы есеп бермесе, ол заң бойынша қудаланады.
Келер жылдың қаңтарынан бастап елде қайырымдылық қорларының бірыңғай реестрі іске қосылады. Яғни республика аумағында аталмыш қызметті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдар бір алаңға шоғырланады. Онда ұйымның құрылған күнінен бастап, қызметі, өзге де есеп-қисаптар тайға таңба басқандай көрсетілмек. Ал өз қажетіне халықтан қаржы жинағысы келетін жеке тұлғалар үшін елде жаңа мемлекеттік платформа пайда болады.
Айнұр Аймурзина, жұмыс тобының мүшесі:
- Бірыңғай мемлекеттік краудфандинг платформасы денегіміз, мұқтаж адамдар немесе қайырымдылық жинағысы келетін қорлар өздерінің заякаларын беріп, тексерістен өтіп, халықтан ақша жинауға мүмкіндік алады. Ескеретін бірнеше жайт бар. Қайырымдылық қорлары ешқашан бан карталарына ақша жинауға болмайды. Олар банкте заңды тұлғаны шотын ашып, соған жинау керек. Себебі содан есеп беріледі. Ал жеке тұлғаларға қатысты айтатын болсақ, адамға байланысты. Бірақ ертең кіріс органдары есеп сұраса, қандай мақсатпен жиналғынан дәлелдеу қажет.
Жиналатын қаржылай көмектің де көлемі нақты бекітілмек. Ол 15 мың айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Мамандардың айтуынша, жаңа заң жобасы азаматтардың қайырымдылыққа деген сенімін арттырып, салада ашықтық орнату үшін маңызды.
Арыс Данағатов, заңгер:
– Мұндай қаражат арнайы сайт арқылы ғана жиналуы керек. Басқа жолдармен ақша жинауға болмайды. Қазір кейбір адамдар мұны табыс көзіне айналдырып, аянышты видеолар немесе ЖИ көмегімен жасалған роликтер жариялап жүр. Сондықтан мен өзім де қаражатты кімге және қалай аударып жатқанымды тексеремін. Ақшаның заңды тұлғаның шотына ма, әлде жеке адамның картасына ма түсетінін анықтаймын. Әрине, бұл жерде сұрақ көп. Карта кімнің атына тіркелген? Ақша кімнің шотына түсіп жатыр? Жиналған және жұмсалған әрбір қаражат бойынша есеп берілуі керек.
Осылайша, жаңа заң жобасы тикток, инстаграм арқылы ақша жинау тәртібін қатаңдатуды көздейді. Ал жиналған қаржы мақсатсыз жұмсалған жағдайда әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Авторы: Назерке Тоқжан