Алматыда төртем дүниеге келді
Ата-анасы оларға Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген есім берді. Жетісу облысының тұрғыны, 31 жастағы Альмира Бекеева бір күнде көпбалалы ана атанды. Отағасы Олжастың қуанышында шек жоқ, деп хабарлайды 24KZ.
Дәрігерлердің сөзінше, табиғи жолмен төртем көтеру сирек кездеседі. Мұндай жағдай Алматыда соңғы рет 2015 жылы болған. Қазір сәбилер мен анасының денсаулығы жақсы. Бүгін олар перзентханадан шықты. Бұл Альмираның төртінші құрсақ көтеруі. Енді ерлі-зайыптылардың 6 ұл, 1 қызы бар.
Альмира Бекеева, төртемнің анасы:
– Жүктілікті төртем екенін білгенде қатты қуандық. Қуанышпен бірге үлкен бір жауапкершілікпен қобалжу болды. Жүктілік, әрине, оңай өткен жоқ. Күн сайын балалардың жағдайын ойлап уайым болды. Бүгін міне, бұйырса төрт балапанымды құшақтап, үйіме қайтып барамын. Денсаулығым жақсы.
Альмира босанғанша Алматыдағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының бақылауында болды. Дәрігерлер нәрестелердің күтіміне байланысты ақыл-кеңестерін беріп отыратынын жеткізді.
Ардақ Аязбеков, «Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
– Бақылау барысы 23-ші аптадан бастап орталықтың курациясында болды. Бірнеше рет стационарға жатқызып бақылау жүргізіп, күшейтілген антенаталды бақылау жүргіздік. Отыз аптасында босанудың әрекеті басталуына байланысты жедел кесарь тәсілімен босанды.