Қазақстан 2050 жылға қарай 150 мың тонна уран қорын жасақтайды

Менделеев кестесіндегі 92-элементтің кезегі келді.

Еліміз уран қорынан әлемде бірінші болса да білек түріп, резерв құрғалы жатыр. Атом электр станцияларын салу бір бөлек, оларды шексіз энергиямен қамтамасыз ету де үлкен сын. Бұл болашаққа деген сақтық. Жарықтан тарығып қалмаудың амалы. Сонымен уранның межеленген мемлекеттік стратегиялық қоры қалай қалыптасады? 

Болашақ жарықтың тамызығы уран болады. Түймедейі түйеге жүк. 4 жарым грамы қуаты жағынан 350 келі мұнай, 400 келі көмір немесе 360 текше метр табиғи газға пара-пар. Сонда қара алтын, қатты отын және көгілдір отынға кіріптарлық кемиді. Орыны ойсырамаса да жасыл отын балама ретінде елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 

Тельман Шүриев, тау-кен металлургия кешенінің сарапшысы:

- Егер біз АЭС құрылысына қомақты қаражат, 15 млрд доллар көлемінде жұмсасақ, онда минералды шикізаты да соған сәйкес жеткілікті болуы керек қой. Әрине жаңа технология енгізіледі және қайта қолдануға болады. Тұтыну жүктемесін де төмендету көзделген. Бірақ сонда да резервсіз іс өнбейді. Қазіргі ақиқат осы. 2050 жылға дейін стратегиялық тұрғыда жоспарланған 3 АЭС-ті ішкі шикізатпен қамтуға тиіспіз. 

Уран қоры қисапсыз. Әлемде Аустралияға ғана жол бергенімізбен өндіруден еш ел алдымызды кесе-көлденең өте алмайды. Жаһандық нарықтың 40 пайызы еншімізде. Біз жылына 27 мың тонна уран игереміз. Бұл жер-жиһандағы жалпы уран өндірісінің 22 пайызы. Бірақ сонда да мемлекеттік стратегиялық резерв құрудың реті келіп тұр. Себебі атом электр станциясы құрылысы мен пайдалануға 60 жыл кетеді. Жаңғыртылуына тағы 40 жылды қосыңыз. Оның үстіне экспорт бар. Ал, бастысы атом станцияларының жұмысын тоқтатпау үшін ядролық отын да табан асты таусылып қалмауы керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстандағы атом электр станцияларының қажеттілігін өтеу үшін уранның алдағы жүз жылға жететін мемлекеттік стратегиялық қорын құру жөніндегі ұсыныс өте орынды. Бұл бастаманы жан-жақты пысықтау қажет деп санаймын.

Сонымен мақсат айқындалды. 2040 жылға дейін 100 мың, 2050 жылға қарай 150 мың тонна қор жасақтау қажет. Ішкі сұраныс пен сыртқы сауда арасында ұлттық мүдде мұқият пысықталады,-дейді тізгін ұстаған агенттік. 

Өміржан Бегімбетов, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі басқармасының басшысы:

- Біздің ресурстық потенциалымызды, инвестициялық тартымдылықты және еліміздің халықаралық әріптестермен арадағы міндеттемелерді ескере отырып, стратегиялық резервті құру жоспарымызда бар. 

Негізі уран қорын молайту әлемдік тәжірибе. Әсіресе Қытай қатты қамданып жатыр, дейді сарапшы. Біздің үкімет алдында да үлкен міндет тұр. Президент 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімге арналған бірыңғай энергетикалық теңгерімді қайта қарауды тапсырды. Соған орай Балқаш атом электр станциясы құрылысы келер жылы басталады. Мойынқұм станциясын салу бойынша да құжаттар қатталып жатыр. Осы ретте заңды сұрақ туындауы мүмкін. Шикізат шексіз бе? Қазіргі барланған қор 1 млн тоннаның ар жақ-бер жағы. 60 жылға жетеді. Ал атом электр станцияларының ұзақтығы ғасырға шамалас. Сонда 40 жылдық отын қайда? 

Тельман Шүриев, тау-кен металлургия кешенінің сарапшысы:

- Қазатомөнеркәсіп және оның серіктестері жаңа қорлар табуға талпынады. Атом өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегияда Қазатомөнеркәсіп және оның бірлескен компаниялары жылына кемі 2 кен орнын ашуы керек деп көрсетілген. Бізде қор 16 пайыз деп көрсетілген. Бірақ бұл кеңестік кездегі өлшем. Негізі барлайтын уран кендері жеткілікті. Яғни өндіру технологиялары сан түрлі. 

Сонымен негізгі резерв қалай қалыптасады? Сұрақ әзірге басы ашық. Түпкілікті шешім 2027 жылдың соңына қарай қабылданады. Бірақ талдаулар да жоқ емес.  

Өміржан Бегімбетов, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі басқармасының басшысы:

- Стратегиялық уран қорын жасаудың бірнеше этаптары, бірнеше тәсілдері бар. Атап айтсақ, ұзақ мерзімде стратегиялық резервті жер қойнауында сақтау формасында көзделген болса, қысқа мерзімде төмен байытылған уран түрінде немесе дайын ядролық отын ретінде сақтау жоспарланып отыр. Бұндағы біздің мақсатымыз – әртараптандыру, диверсификациялау.

Бұл дәуір электр энергиясын тәуір жұтады. Қол күшін жасанды интеллект алмастырып жатқанда жарықсыз адымдай алмайсың. Сондықтан ядролық отынның 150 мың тонналық стратегиялық қоры – келешектің энергетикалық кепілдігі. 

Авторлары Нысаналы Ығыл, Самат Қазанбай

Сондай-ақ оқыңыз: