Ғылым саласына ауқымды аудит жүргізілді
Қазақстанда ғылымды қаржыландыру артқанымен, саладағы жүйелі кемшіліктер жойылмай тұр. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру нәтижесінде миллиардтаған қаражаттың тиімсіз игерілгені анықталып, бірқатар лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. Мәселені реттеу үшін салада цифрландыру тетіктерін пайдалану ұсынылды. Ал ғылыми жобалардың экономикалық құндылығын қайтпек? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Қазақстанда ғылымның экономикадағы үлесі 0,16%-ға тең. Ал саланы мемлекеттік қаржыландыру соңғы жылдары 82%-ға дейін өсті. Қолдау бар, бірақ нәтиже ойдағыдай болмай тұр. Жоғары аудиторлық палата саланы тексеріп, жүйелі кемшіліктерді анықтады. Құрылтайда сөз сөйлеген Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, кейбір ірі жобаларға қаржы артығымен есептелген. Ғылыми бастамаларды іріктеудегі кемшіліктер тұтас жүйенің жұмысына кері әсер еткен. Мәселен, 2025 жылғы конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Бұл зерттеу жұмыстарын тежеді. Жалпы бақылау қазынадан бөлінген қомақты қаражаттың тиімсіз игерілгенін анықтады.
Нұрлан Нұржанов, Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі:
- Аудиттің қорытындысы бойынша 51 млрд теңгеге қаржылай құқық бұзушылық анықталды. Аудиттің жүргізілуі барысында оның 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілді. Қалған қаражат 2027 жылдың бірінші тоқсанында қалпына келеді деп күтіліп отыр. Өйткені бұл жерде тиісті объектілерге берілген нұсқамалардың орындалуын қамтамасыз етілуі тиіс.
Ғылым саласындағы аудиттен кейін бірнеше жауапты тұлға қызметінен босатылды. 2 тұлға тәртіптік жауапқа тартылды. 32-сіне әкімшілік жаза қаралды. Олардың қатарында Ғылым комитетінің төрағасы, Ғылым қорының басшысы бар.
Саясат Нұрбек, ҚР ғылым және Жоғары білім министрі:
– Біз әрине, бюджеттік қаржыландыру болғандықтан, оған «басымызбен» жауап береміз. Қаржыландырылғанымен, сәтті аяқталмаған жобалар бойынша қазір сотқа жүгініп, тиісті істерді қозғадық. Сондай-ақ қаражатты қайтару мақсатында медиациялық процестерді бастадық. Қазіргі таңда 3,5 млрд теңгеге жуық қаражатты медиация немесе сот процестері арқылы қайтару бойынша арнайы жоспарымыз бар. Өз кестеміз бекітілген. Бұл мәселеге өте қатаң қарайтын боламыз.
Мәселені шешу үшін Жоғары аудиторлық палата ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап, өндіріске дейін цифрландыруды ұсынды. Құрылтай депутаттарының сөзі да осыған келеді. Заң шығарушы орган өкілі Лаура Қарабасова зерттеулер жүйесін автоматтандырудың тиімділігіне тоқталды.
Лаура Қарабасова, Құрылтай депутаты:
- Автоматтандыру керек. Қазіргі уақытта бізде автоматтандырудың үлгілері де бар. Енді осы процесті толық циклді қамтитындай етіп есептеуіміз қажет. Яғни ғылым саласына өтінім беруден бастап, конкурсқа өтінімдер қабылдау, шарт жасасу және постмониторинг кезеңіне дейінгі барлық процесті қамтуымыз керек. Біз жобаның бүкіл өмірлік циклін бақылап отыруымыз қажет. Сонда ғалымдар тарапынан кеткен қателіктерді де, басқару процесіндегі олқылықтарды да анық көре алатын боламыз.
Ғылыми жобаларды нақты өндіріске дейін жеткізіп, табыс көзіне айналдыру да маңызды. Саладағы жобалар біраз сыналғанымен, қаражаттың бәрі мақсатсыз жұмсалды деп айтуға келмейді. Министр жақсы нәтиже берген бастамаларға жеке тоқталды.
Саясат Нұрбек, ҚР ҒЫЛЫМ және Жоғары білім министрі:
– Әрине, коммерцияландыру сатысында жобаға ақша берілді. Ол нақты бір өнім шығарып, сатылымдарды бастау керек, өндіріске енгізуді бастау керек Ондай жобаларымыз бар, мысалы, соңғы 4 жылдың ішінде 386 жобаға, коммерцияландыру жобасы, қаржыландыру берілді. Солардың 241-і толыққанды аяқталып сатылымдарды бастады. Соның 31-і экспортқа шықты, 9-ы 1 млрд астам сатулары бар. Бұл жаман нәтиже емес.
«Қазіргі заманның басты қуаты ғылым білім мен инновацияларда». Президент жолдауында осылай айтқан болатын. Соныдқатн ғылымды дамыту Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі. Алдағы уақытта жауапты органдар осы мақсатта күш біріктіреді.
Айбек Дәдебай, Құрылтай төрағасы:
– Бүгін ғылым саласын қаржыландырудың тиімділігі мәселесін жан-жақты талқыладық. Ендігі кезекте Үкіметтегі әріптестеріміз Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Өз кезегімізде депутаттар Үкіметпен және ғылыми қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп, ғылым саласындағы заңнаманы жетілдіру, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетіктерін оңтайландыру бағытында жұмысты жалғастыруға дайын екенімізді білдіреміз.
Сайып келгенде, салада қазына қаржысын игеру тәртібі қатаңдайды. Ғылыми ізденістің нәтижесі постмониторинг арқылы бақыланады. Осылайша зерттеулердің салмағы да, жауапкершілігі де арта түспек.