Қарағанды облысында азық-түлік бағасын тежеуге 1,5 млрд теңге бөлінді
Қарағанды облысында тұрақтандыру қорын қаржыландыруға шамамен 1,5 млрд теңге бөлінді. Мақсат – азық-түлік бағасының маусымдық өсуін тежеу, деп хабарлайды 24KZ.
Қаражат қоймалардағы әлеуметтік маңызы бар өнімдерді сатып алуға жұмсалады. Қажет болған жағдайда осы жерден тауарларды сауда орындарына және қаладағы әлеуметтік дүкендерге жеткізіп отырады.
Қазір Қарағандыда 21 әлеуметтік дүкен бар. Өңірге қарасты қала-аудандарда да осындай сауда орындары ашылып жатыр. Мұнда фермерлер өнімін делдалсыз әкеліп сатады. Бұған қоса, тұрақтандыру қорынан әлеуметтік тізімге жататын азық-түлік жеткізіліп тұрады. Бағасы нарықтан орташа есеппен 10–15%-ға төмен.
Облыс аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 25 түрі шығарылады. Қымбатшылықтың алдын алу үшін тұрақтандыру қорының қоймаларында 370 тонна өнім сақтаулы. Оның ішінде күріш, күнбағыс майы, қант бар. Баға көтерілсе, бірден дүкендерге жөнелтіледі. «Ал қарақұмық жармасының қоры әзірге аз, 17 тонна ғана», – дейді жауаптылар.
Елтай Ибраев, «Сарыарқа» ӘКК« АҚ» Тұрақтандыру қорын басқару департаментінің директоры:
– Қарақұмық жармасының бағасы өсуде. Қарақұмық жармасының жиналым мерзімі осы айларда ғана бітеді. Содан кейін осы айдың аяғында, желтоқсанның басында оның бағасы тұрақтандырылады.
Бұдан бөлек, жергілікті билік картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз жеткізу бойынша фермерлермен тікелей келісімшарт жасаған. Мысалы, жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері 7 мың тонна картоп және 4 мың тоннадан астам көкөністі қажет кезде жеткізуге дайын.
Қуандық Ахметов, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
– Қарағанды тұрғындарын үш ай бойы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін қажетті қор 30%-ға артығымен алынды. Бұл бағаны өсірмеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге сауда орындарының өтінімдері бойынша тауарлар тізбесіне сәйкес жеткізу уақытылы жүзеге асырылуда.
Тұрғындарды бағасы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етудің тағы бір тиімді тәсілі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Мұнда экологиялық таза өнімді арзанға сатып алуға болады. Биыл өңір бойынша 463 жәрмеңке өтіп, фермерлер 8 мың тоннаға жуық түрлі өнім сатты.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков.