Жоқ сәлемедеме: алаяқтықтың жаңа схемасы
«Қазпошта» атынан келген хабарламаларға сақ болыңыздар: алаяқтардың жаңа әдісі шықты.Бұл туралы Бас прокуратура ескерту жасады, деп хабарлайды «24KZ».
Алаяқтар өзін «Қазпошта» өкілімін деп таныстырып, азаматтарға шетелдік нөмірлерден хабарлама жібереді. Мәселен, биылғы 9 қарашадан бастап +212 коды бар нөмірлерден «сәлемдемеңіз келді» деген хабарлар жиілеп кеткен.
Қаскүнемдер мекенжайды нақтылау үшін хабарламадағы сілтемеге өтіп, жеке мәліметтерді толтыруды сұрайды. Ең бастысы, хабарламаның қазақ тілінде, әрі өте сауатты жазылуы адамдардың сенімін оятып, қырағылығын әлсіретіп отыр.
Алайда бұл – ақша мен құпия деректерді ұрлауға арналған фишингтік сайт. Ол сыртынан «Қазпоштаның» ресми парақшасына өте ұқсас етіп жасалған.
Құқық қорғау органдары азаматтарға бейтаныс сілтемелерге баспауды, жеке мәліметтерді ешқашан енгізбеуді және кез келген ақпаратты тек поштаның ресми арналары арқылы ғана тексеруді қатаң ескертеді.