56 көлікті шетелге шығарып сатқан қылмыстық топ ұсталды
Ішкі істер министрлігі автокөліктерге қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды «24KZ».
Күдіктілер екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы жалған тұлғалардың атына автокөліктерді кепілге рәсімдеген. Кейін көліктерді Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығарып, қайта сатқан.
Алдын ала мәлімет бойынша осындай жолмен шетелге 56 автокөлік шығарылған. Қылмыстық әрекетті тоқтату мақсатында ІІМ бір уақытта еліміздің 10 өңірінде жедел іс-шаралар жүргізді.
Нәтижесінде 48 адам полицияға жеткізілді. Олардың ішінде қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген 6 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жүргізілген іс-шаралар қылмыстық топтың одан әрі әрекет етуіне тосқауыл қойып, алаяқтықтың жаңа деректерінің алдын алуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, шетелге шығарылған автокөліктерді іздестіру шаралары қабылданып жатыр.
Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің бақылауында.