Шарын шатқалы әлемнің үздік каньондары рейтингінде 17-орынға ие болды

Фото: depositphotos.com

Алматы облысындағы Шарын шатқалы әлемнің үздік каньондары мен шатқалдары рейтингінде 17-орынға ие болды. The Worldworthy 100 халықаралық басылымы жариялаған 2026 жылғы тізімге 46 елден 100 табиғи нысан енген. Қазақстандық нысандар арасында Шарын шатқалы үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды «24KZ»

Шарын өзенінің бойымен 154 шақырымға созылып жатқан шатқал Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Ерекше табиғи ландшафттары мен биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында бұл аумақ мемлекет қорғауына алынған.

Халықаралық рейтинг қорытындысы бойынша ұлттық паркке The Worldworthy 100 редакциясы арнайы сертификат жолдаған. Бұл – табиғи нысанның халықаралық деңгейде мойындалғанын білдіреді.

Айта кетейік, The Worldworthy 100 – әлемдегі үздік табиғи, мәдени және туристік нысандарды саралайтын тәуелсіз халықаралық басылым. Рейтинг саяхатшылардың пікірлері мен ұсыныстары, туристік анықтамалықтар мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, сондай-ақ ашық деректер негізінде жасалады.

Сондай-ақ оқыңыз: