Астанада қазақша ауызекі тілде сөйлеу клубы ашылды
Клуб мүшелері таңғы ас үстінде түрлі тақырыпта ой өрбітіп, сөйлеу дағдысын дамытады. Идея авторы, қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Наталья Дементьева, деп хабарлайды 24KZ.
Ол қазақша жақсы түсінгенімен, сөйлеуге қысылатын жандардың басын қосып, апта сайын таңғы ас ұйымдастыруды жөн көріпті. Таңғы шай үстінде қатысушылар қазақша сөздердің дыбысталуы мен кей сөздердің тұрмыста дұрыс қолдануды үйренеді. «Дәстүрлі тіл үйрету курстарына қарағанда мұндай формат қатысушылардың қазақша емін-еркін сөйлеп, жаттығуына мүмкіндік береді», – дейді Наталья Дементьева. Қазақша сөйлеу клубының басшысы алдымен осындай 10 кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Пилоттық жоба оң нәтиже көрсетсе, оны әрі қарай дамытпақ ниетте.
Наталья Дементьева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
– Еркін форматта, былай қарағанда кофе үстінде, шай үстінде еркін сөйлеу арқылы олардың қазақ тіліндегі дағдыларын дамыту. Өйткені кейде қорқыныштан, кейде ұялғаннан, кейде мүмкін орта не болмаса қажеттілік болмағаннан ешқандай бір сөйлесу, ешқандай бір сөйлеу мәнері шықпай жатыр. Осындай керемет бір әдіс арқылы мен олардың жалпы қазақ тіліне деген талпынысын нығайтып отырмын.
Олег Полумордвинов, Қазақстан нотариалдық палатасының төрағасы:
– Меніңше, бұл – тамаша бастама. Қалай болғанда да, тілдік қорымызды үнемі байытып отыруымыз керек. Әрине, осындай екі-үш кездесуден кейін бірден қазақша еркін сөйлеп кетуіміз екіталай. Дегенмен күнделікті тұрмыста қазақ тілін кеңінен қолдану үшін мұндай практикалық кездесулердің маңызы өте зор.