Елде ірі топ-менеджерлер ұсталды
Астанада «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының басшылары ұсталды. Олар сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілініп отыр. Бүгін ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растап, аталған жұмыстың «Заң мен тәртіп қағидасы» аясында атқарылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Әлеуметтік желіде тараған видеода Қонаев көшесінің бойындағы тұрғын үйдің ауласында шашылып жатқан банкноттарды көруге болады. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға орнынан бірнеше чемодан ақша табылғаны айтылды. Кейіннен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ірі холдингтердің бірінші басшыларының ұсталғанын хабарлады.
2026 жылғы 11 қарашада ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының Төрағасы Н. Жақыпов пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқармасының Төрағасы Е. Отыншиевті және сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен басқа да адамдарды ұстады. Істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасады.
ҰҚК баспасөз қызметі:
Нұрлан Жақыпов – елде кейінгі жылдары ұсталған лауазымды тұлғалардың бірі. Бұған дейін әр жылдары жемқорлық және мемлекет мүлкін жымқыру баптары бойынша бірнеше бұрынғы министр мен ықпалды азаматтар сотталды. Мамандар бұл елдегі бай-бағландарға берілген белгі дейді.
Арыс Данағатов, заң кеңесшісі:
- Тергеу кезінде барлығы тыныш болса, бірақ сотқа келген кезде, соттан кейін жазасы шыққан кезде оның барлығы ашық, толықтай көрсетілуі керек. Өйткені бұл біздің жасап жатқан үлкен жұмысымыз. Сол үшін бұл жерде барлық жемқорларға көрсетуіміз керек. Ертең сен заңнан қаша алмайсың.
Мамандар бұл Президенттің заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі ұстанымы нақты әрі қатаң сипат алып келе жатқанын көрсетеді дейді. Ол үшін сот алдында хан да, қараша да тең болуы керек.
Ғазиз Әбішев, саясаттанушы:
- Заң мен тәртіп, коррупциямен күрес, елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету кез келген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік-саяси тұрақтылығының алғышарты. Кейінгі он жылда Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур мен Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесі заң мен тәртіп пен мемлекет мүлкін талан-таражға салғандарды қатаң жазалау халық пен инвесторлардың билікке деген сенімін ұлғайтатынын көрсетті. Сондықтан мемлекет басшысы Заң мен тәртіп қағидасын ұстануды айтты. Бұл Қазақстанның шикізат экспорттаушы елдердің қатарынан шығып, индустриялық алпауыттарға қосылуы үшін өте маңызды. Лауазымды тұлғалардың тұтқындалуы мемлекеттің осы бағытта жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.
Демек бұдан былай биік мансап пен таныс-біліс те темір тордан құтқарып қалмайды. Ұлттық мүдде мен бюджет қаражатына қол сұққандарды аяусыз жаза күтіп тұр. «Бұл мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға септеседі», – дейді мамандар.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Бағдат Қайыркен