Еңбек нарығына 400 мыңнан астам маман жетіспейді

Елде кейінгі жеті жылда жоғары білім алуға 665 мың грант бөлініп, оған 1,5 трлн теңге жұмсалды. Түлектердің 80 пайыздан астамы жұмысқа орналасты. «Алайда бәрі бірдей өз мамандығы бойынша еңбек етпейді», – дейді Ғылым және білім министрі. Саясат Нұрбектің айтуынша, еңбек нарығындағы сұранысты анықтау үшін 73 мыңнан астам кәсіпорын арасында сауалнама жүргізілді, деп хабарлайды 24KZ.


Нәтижесінде 400 мыңнан астам маман жетіспейтіні анықталды. Оның 45%-ы жоғары білімді кадрлар. Осы деректер бойынша бірқатар оқу бағдарламасы жабылып, жаңа бағыттар ашылды. Министр мамандықтар тізімі мен оқу бағдарламасы еңбек нарығындағы өзгерістерге қарай жаңартылып отыратынын атап өтті.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

– Бірнеше жүз мамандық жабылды. «Атлас» жобасы аясында жаңа мамандықтар бойынша бірнеше оқу бағдарламасы ашылды, кейбір бағдарламалар толығымен жабылды. Бұл жұмыс енді жыл сайын жалғасады. Мақсатымыз – еңбек нарығындағы тапшылық пен еңбек нарығының талаптарын барынша ескеру және оны оқу бағдарламаларымызда көрсету. Сонымен қатар оқу мерзімін үш жылға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп жатырмыз. Бұл міндетті түрде үш жыл болуы керек деген шарт емес. Шын мәнінде, ақпараттық технологиялар саласында төрт жыл оқу көп. Кейбір теориялық материалдарды алып тастап, эксперименттік бағдарламаны үш жылдық оқу бағдарламасы ретінде өте сәтті жүзеге асырып келеміз. Сондықтан осындай икемділікті қазір беріп отырмыз.

Сондай-ақ оқыңыз: