Несие рәсімдегенде сақтандыру туралы не білу керек?
Ел тұрғындары несие рәсімдеу кезінде құқықтары жиі бұзылатынын айтады. Көпшілік сақтандыру шартын жасауға мәжбүр болғанын және сақтандыру компаниясын таңдауға мүмкіндік берілмегеніне шағымданады. Банктер бұл айыптаулармен келіспейді. Несие алар кезде нені ескеру керек? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Астана тұрғыны Сәуле ай сайын несиесін өтеуге 230 мың теңге төлейді. Бір жылдан астам уақыт бұрын бірнеше миллион теңге қарыз алған. Алайда қолына тиген қаражат шартта көрсетілген сомадан аз болған. Себебі ақшаның бір бөлігі өмірді сақтандыруға жұмсалған.
Сәуле, Астана тұрғыны:
– Алған ақшам несие сомасынан аз болды. Сақтандыру ақысын ұстап қалды. Оны кейін қайтарамыз деп уәде берген. Басқа банк таңдауға мүмкіндік болмады. Себебі сұраған сомамды осы банк берді.
Сақтандыру ақысы несие қаражатынан төленген. Десе де Сәуленің айтуынша, ай сайынғы төлем қарыздың толық сомасына есептелген. Банк мәселелері жөніндегі сарапшы Нұржан Бияқаев мұндай тәжірибе қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқығын бұзады деп санайды. Оның пікірінше, бұл тетікті қосымша реттеу қажет.
Нұржан Бияқаев, банк мәселелері жөніндегі сарапшы:
– Мысалы, кепілсіз ақшалай несие сомасы 5 млн теңге делік. Оның 2-3 немесе 5 пайызын сақтандыру сыйақысы ретінде ұстап қалады. Бұл – қомақты қаражат. Қарыз алушыға: «Сақтандыру ақысын өз қаражатыңыздан төлесеңіз, несиені толық көлемде аласыз. Ал егер оны несие сомасынан ұстап қалатын болсақ, қолыңызға тиетін ақша азаяды, бірақ төлем кестесі 5 млн теңгеге есептеледі», – дейді. Алайда іс жүзінде азамат несие сомасын толық көлемде алмаған. Бұл – Азаматтық кодекс нормаларының бұзылуы. Яғни қарыз қаражаты қарыз алушыға толық көлемде берілмеген.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің сақтандыруды күштеп мәжбүрлеуге құқығы жоқ екенін атап өтті. Қарыз алушы одан бас тарта алады. Алайда мұндай жағдайда несиенің құны қымбаттауы мүмкін.
Серікболсын Төлебеков, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директорының орынбасары:
– Микроқаржы ұйымдары немесе банктер несие беру кезінде әдетте сақтандыру қызметін ұсынуы мүмкін. Алайда біздің заңнамада банктер немесе микроқаржы ұйымдары сақтандыруды өздері ұсынған жағдайда, кем дегенде бес сақтандыру ұйымының нұсқасын ұсынуы тиіс екені көрсетілген. Сонымен қатар несие алушы азамат өзге сақтандыру ұйымын да өз бетінше таңдай алады.
Сақтандыруды күштеп мәжбүрлеген банктерге қатаң шаралар қолданылады. Алайда осыған дейін неше қаржы ұйымы жауапқа тартылғанын агенттік нақтыламады. Банктердің сақтандыру полистерінен алатын табысына да шектеу қойылған. Бұрын олар комиссия ретінде сақтандыру құнының 90%-на дейін алып келсе, былтыр тамыз айынан бастап бұл көрсеткіш 10 пайызбен шектелді. Дегенмен клиенттер үшін қызмет құны арзандамаған.
Серікболсын Төлебеков, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директорының орынбасары:
– Бұл ретте Агенттік сыйақыны шектеу сақтандыру полистері құнының автоматты түрде төмендеуін білдірмейді. Өйткені сақтандыру сыйлықақысы сақтандыру тәуекелдерін, сақтандыру мерзімін және шартын, басқа да талаптарын ескере отырып айқындалады.
Сол себепті шарт жасамас бұрын сақтандыруы бар және сақтандырусыз несиенің толық құнын салыстырған жөн. «Сонымен қатар шарттың қандай тәуекелдерді қамтитынын мұқият тексеру қажет», – деді мамандар.
Авторлары: Данияр Сұлтан, Гүлнәр Хасан, Мадияр Қындыбаев