Алматыда ұлттық валюта тарихына арналған көрме ашылды

Алматыдағы Ұлттық Орталық музейде Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «Қазақстанның нумизматикалық мұрасы және қағаз ақшалары» атты көрме ашылды. Көне дәуірден бүгінге дейінгі ақша тарихы бір кеңістікте тоғысты.

Әр жәдігер өз заманының үнсіз куәгері. Сауда-саттық, билік пен елдер арасындағы байланысты баяндап тұр. Мәдени іс-шара Ұлттық валюта, теңге күні қарсаңында ұйымдастырылды.

Ернұр Рысбай, тілші:

- Экспозицияда Кушан, Түргеш, Қарахан мемлекеттері мен Жошы ұлысы дәуіріне тиесілі монеталардан бастап, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ұлттық валютасы қойылған. Әр жәдігер өз кезеңінің тарихынан сыр шертеді. Мысалы, Қарахан мемлекеті тұсында шыққан мына тиындардың қай ақша сарайында жасалғанын, сол кезде кімнің ел билегенін білуге болады.

Көрме екі бөліктен тұрады. Алғашқысында ежелгі тиындар мен монеталар таныстырылды. Олардың арасында мыс пен күмістен жасалғандары және алтын жалатылғандары бар.

Дінмұхаммед Серік, ҚР Ұлттық Орталық музейінің қызметкері:

- Жалпы бұл жердегі монеталардың ерекшелігі бір кездері «дирхем» деп аталды, «динар» деп аталды. Мысалы, Қыпшақ кезеңінде «тәңгә» деді, олардың ерекшелігі осы Кебек ханның тұсында алғашқы ақша реформасы болды. Сол кезде монеталар алтын мен күмістен ұрып, соғыла бастады.

Алатаудың бөктеріндегі Алматының қойнауынан да талай теңгелер табылған. Бір кезде айырбас құралы саналған тиындар бұл күнде баға жетпес жәдіргерге айналды.

Жасұлан Белтенов, ҚР Ұлттық Орталық музейінің бөлім жетекшісі:

- 1958 жылы Алматының жоғарғы жағында оңтүстік-шығыс бөлігі деп атаймыз. Таулы қырат деген жерінен табылған 1386 жылғы Шағатай монеталарының көмбесі бар. Таза күміс дирхемдер. Олардың бәрі осында сақтаулы.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы купюралар да көрмеге қойылды. Биыл төл теңгеміздің айналымға енгеніне 33 жыл толып отыр. Көрме осы айдың соңына дейін ашық болады.

Ернұр Рысбай, тілші:

- Ұлттық Орталық музейдің нумизматикалық қорында 10 мыңға жуық шығыс монетасы бар. Көрмеге 200-ден астам жәдігер таңдалып қойылған. Сонымен қоса осы монеталарды жасауда қолданылған құралдар көрермен назарына ұсынылды. 

Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев

Сондай-ақ оқыңыз: