Астанада салық форумы өтті

Жаңа салық кодексіне – 10 ай 12 күн. Қоғам қалай қабылдады? Президент қалай ой қорытты? Жолдауда айтылған тұжырым бүгін салық форумында талқыланды, деп хабарлайды 24KZ.

Сарапшылар құжатты құжынаған адам алдында талдап көрді. Жиынға аяқтай келіп қатысқан және онлайн қосылғандар саны 2 мыңға жуықтаған. Өйткені мәселе маңызды. Шағын-орта бизнес экономиканың қозғаушы күшіне айналуы үшін арыз-шағым мен артық шығыннан арылуы керек.

Адам салық пен ажалдан құтылмайды. Сондықтан сұрауы бар. Елге жаңа салық кодексі енгізілгелі 10 айдан асты. Осы аралықта қандай ой қалыптасты? Президент пайымын Жолдауда айтты. Құжат бүкіл жүйені кешенді түрде қайта жаңғыртуға негіз қалағанын жеткізді. Бірақ «сын түзелмей, мін түзелмейтінін» де ескеріп кетті. Сарапшылар сабақтайды.

Айтуар Қошмамбетов, сарапшы:

– Ең бірінші үлкен мәселе В2В мәселесі деп айтсақ болады. Яғни шағын кәсіпкерлер, олардың саны – 2 млн-ға жуық. Солар ірі кәсіпкерлерге, жалпы режимдегі кәсіпкерлерге өз қызметін, тауарын сата алмай қалды. Аймақтарды алсақ 180 млрд-қа корпоративтік табыс салығы төмендеді. Шағын кәсіпкерлер үлкен кәсіпкерге өз қызметін, тауарын сату үшін оларға басқа режимге өту керек. Яғни ол – басқа шығындар. Оған қосылған құн салығы – 16 пайыз.

Кодексте қарама-қайшы нормалар да кездеседі. Соның бірі – салыстырмалы бақылау.

Сәкен Қарин, Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының басқарма төрағасы:

– Соның ішінде мынадай норма бар. Ондай құжаттар берілуі міндетті түрде деп жазулы тұр. Екіншісінде, бұл – салық төлеушінің құқы деп жазулы тұр. Бір-біріне қарама-қайшы келеді.

Бағалау деген де бап бар. Яғни кәсіпкер 3 жыл сайын көлігі, кеңсесі және өзге мүлкінің құнын шығарып, көрсетуі керек. Тегін емес. «Тіпті, кейде салмағы салықтан да ауыр соғады», – дейді сарапшылар. Бұдан бөлек, кей бизнесмен біреу үшін өтемінен қағылады.

Сәкен Қарин, Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының басқарма төрағасы:

– Мен экспортермын. Нөл мөлшерлемемен сатамын. Өзім тауарларды 16 пайызбен сатып аламын. Сосын Үкіметтен 16 пайыз мөлшерлемені талап етемін. Нөлдік мөлшерлемемен сатылған маған Үкімет қайтарып беру керек. Содан тексеріс өтеді. Тексергенде менің жұмыс істеген жеткізушімді тексермейді. Оның 2,3,4-ші деңгейдегі поставщиктері тексерістен өтеді. Олардан қателік табылса, сонда маған қосылған құн салығын қайтармайды.

Түптеп келгенде салық жүйесінің міндеті бизнесті түлету. Инвестиция тартып, жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау. Осылай деген Президент кодекстегі кемшіліктерді түзетуге де тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Соның салдарынан жекелеген нормаларды қолдану кезінде бизнес түрлі қиындықтарға тап болып отыр. Салық кодексі қатып қалған қағида не қасиетті кітап сөзі емес. Заң өмірдің шындығынан алшақ кетпеуге тиіс. Сондықтан қайшылықтарды жойып, екіұшты түсіндірілген нормалардан арылу керек. Кәсіпкерлерге салмақ түсіретін артық жүктемені азайтып, сыңаржақ тұстарын алып тастаған жөн.

Көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқан Президент ретсіз тексеріске де тіксіне қарады. Биыл бірінші жартыжылдықта бизнестің заң бұзуы 34 пайызға қысқарғанымен, айыппұл 11 пайызға ұлғайған. Жоспардан тыс тексерістер ондаған есе көбейген. Осы ретте шағын-орта бизнеске мораторий енгізіп, етек-жеңін жиғызып алу мәселесі көтерілді. Өйткені ережелер көбейді. Мысалы, ұлттық тауарлар тізбегі, қазақстандық тауарлар реестрі деген талаптар қойылды. Жаңа салық кабинеті мен маркерлеу жүйесі енді.

Айтуар Қошмамбетов, сарапшы:

– Кәсіпкер күніне көптеген жаңа операциялар жасауы керек. Үйрену керек, басқа мамандар тарту керек. Бұл – қаражат шығыны. Соның барлығын дұрыс ретімен жасау үшін бір уақыт кезеңі қажет. Яғни 3 жылда цифрлық өзгерістерге үйреніп, ешқайда көңіл бөлмей, тек қана кәсібімен айналысуы керек деген ойдамыз.

Кедергі келтірмеудің өзі кәсіпкерлерге көп көмек. Дегенмен 3 жылға тексеріске тыйым салу әлі талқыланып жатыр. Ал салық бизнеске салмақ болмауы керек. Салық салудағы стратегиялық мақсат – экономиканың сапалы өсімін бәсеңдетпеу және инфляцияның иіріміне жұтылмаудың жолын табу. Үкімет өзгеріс әзірлеп жатыр. Ал әр өзгеріс өсімді көздеуге тиіс.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Марат Диханбаев

Сондай-ақ оқыңыз: