Жұмыссыздық емес, біліксіздік мәселесі: Қысқа мерзімді курстар мен кәсіптік білім берудің маңызы қандай?
Қоғамдағы масылдық психологиясы, еңбек ету мәдениетін қалыптастыру және жұмыссыздық пен біліксіздік мәселелерін шешу жолдары өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Осы бағыттағы түйткілдер мен шешу жолдары туралы Астана қалалық технологиялық колледжінің директоры Ләззат Мұратқызы «24KZ» арнасының студиясында пікір білдірді.
Масылдық – бұл экономикалық емес, адамның санасындағы жауапкершілікке қатысты мәселе. Кейінгі жылдары мемлекеттік басқару жүйесіндегі кейбір кемшіліктер мен әлеуметтік көмектердің оңды-солды берілуі салдарынан масылдар армиясы қалыптасты. Шын көмекке мұқтаж жандар мен жәрдемақыны мақсатсыз иектейтіндердің ара жігін ажырату маңызды. Еңбек етіп табу мен мемлекеттен көмек күтудің арасындағы тепе-теңдікті дұрыс қоюымыз керек», – деді Ләззат Мұратқызы.
Сұхбат барысында елдегі кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, колледждердің рөлін арттыру және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру қажеттігі атап өтілді. Маманның айтуынша, қазіргі таңда нарықта «жұмыссыздық» емес, «біліксіздік» мәселесі көбірек кездеседі. Сондықтан қысқа мерзімді курстар арқылы қайта даярлаудан өтіп, жаңа дағдыларды меңгерудің маңызы зор.
Еңбек мәдениетін отбасынан, балабақша мен мектептен бастап қалыптастыруымыз қажет. Қазіргі заманда сантехник, электрик секілді жұмысшы мамандықтардың өзі үлкен интеллектуалдық еңбекті талап етеді және олардың табысы жоғары болуы мүмкін. Жас буынға "кез келген адал еңбектің ұяты жоқ" екенін түсіндіріп, еңбек адамын қоғамда дәріптеуіміз керек, – деп атап өтті колледж директоры.