Қазақстан мектептегі интернетке қолжетімділік бойынша әлемде көш бастады

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері хабарлады. «Internet access in schools» халықаралық рейтингінің былтырғы көрсеткіші бойынша Қазақстан 127 елдің ішінде бірінші орынға жайғасты, деп хабарлайды 24KZ.

Елде 8 мыңнан астам мектеп бар. Оның 3 мыңға жуығы қалада және 5 мыңдайы ауылдық жерде орналасқан. Жалпы білім ордаларының 99,5 пайызы интернетке қосылған. «Қалған 0,5 пайызы құрылысы толық аяқталмаған немесе жабылу сатысында тұрған мектептер», – дейді Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Асыл Түймебаев.

Асыл Түймебаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы:

– Халықаралық Портуланс институтының интернеттің қолжетімділік индексі деген 2025 жылғы рейтингі шыққан. Сол рейтинг ішінде мектептердің интернетке қолжетімділігі бойынша критерий бар. Осы рейтинг бойынша Қазақстан 100 пайыздан 100 пайыз алып, 1-ші орында тұр. Ал жалпы айтар болсақ, ол жалпы рейтингтің бір ғана критерий екенін ескерген жөн.

Елде 2023 жылы Үкімет қаулысымен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қолданысқа енді. Бағдарлама 2027 жылға дейін жүзеге асады. Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект министрлігі арасында бекітілген талапқа сәйкес мектептердегі интернет жылдамдығы секундына 20 мегабит болуы тиіс. Бұл оқушылар саны 400-ге жетпейтін білім ордаларына қатысты ереже.

Асыл Түймебаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы:

– Әрбір 20 балаға 1 мб секундына қосылуы тиіс. Яғни егер мектепте 500 бала оқитын болса, 25 мб/секунд болуы тиіс. Және бұл жағдайда бізде қазір шалғайда орналасқан ауылдық мектептер немесе қалада орналасқан мектептерге қарамай, барлық жерде қолжетімді, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алайда таулы аймақтағы ауылдарда интернетке қатысты мәселелер жоқ емес. Мәселен, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында Starlink сымсыз технологиясына басымдық беріліп жатыр.

Дамир Әбдірахманов, «Қазақтелеком» АҚ сату басқармасының директоры:

– Шығыс Қазақстан мен Түркістан облысында интернетке қолжетімділік мәселесі бар. Шығыс Қазақстан облысының жер бедері таулы болса, Түркістанда ауылдық елді мекендер көп. Кең жолақты интернетке сымсыз қосылу мүмкіндіктерін дамытуда Starlink технологиясының рөлін ерекше атап өткен жөн. Starlink технологиясы ауылдық елді мекендердегі мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосуға мүмкіндік береді.

Жалпы саланы цифрландыру бағытында бірқатар шара жүзеге асып жатыр. «Әлеуметтік әмиян» жобасы 7 мыңға жуық мектепке енгізілген. Сонымен қатар дипломдар, аттестаттар мен анықтамалар цифрлық форматқа көшірілді. Ал «Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мерей Талап, Ернар Нысанбай

Сондай-ақ оқыңыз: