Үш боксшымыз ширек финалда
Сұлтан Зауырбек рейтингте топ бастады. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зауырбек IBF нұсқасы бойынша екінші жеңіл салмақтағы рейтингте бірінші орынға көтерілді. Зауырбектің кәсіби рекорды – 21 жеңіс, оның 13-і нокаутпен аяқталған.
Қазан айында қазақстандық боксшы үміткерлік жекпе-жекте жеңіске жетіп, IBF чемпионы О’Шаки Фостермен кездесуге міндетті үміткер атанды. Егер бұл кездесу өтсе, Фостерге тиесілі IBF, WBC және WBO чемпиондық белбеулері сарапқа салынады.
Үш боксшымыз ширек финалда
Сенегал астанасы Дакар қаласында жасөспірімдер арасындағы Олимпиада жалғасып жатыр. Әсіресе бокс бойынша ел намысын қорғауға үш спортшымыз аттанған болатын. Үшеуі де алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізді. Атап айтқанда, ұлдар арасында 70 келідегі Бибарыс Әшірбай Ливия өкілі Мохамед Джихадпен жұдырықтасып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ал қыздар арасында 54 келідегі Марал Төлепберген Ұлыбритания өкілі Калси Джаямен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бұған қоса 57 келідегі Ақнұр Тұрсынғали Сенегал өкілі Хадидиату Бойромен жолығып, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Енді бүгін ширек финалдық кездесулер өтеді. Жеңіске жеткендері жартылай финалға жолдама алады. Дакар қаласындағы Олимпиада ойындары 13 қарашаға дейін жалғасады.
Бек Нұрмағанбет рейтингте көтерілді
Бек алдыңғы бестікте. Халықаралық Бокс федерациясы, яғни IBF ұйымы соңғы жекпе-жектерді саралап, әлемдік рейтингті жаңартты. Оған сәйкес, қазақстандық Бек Нұрмағанбет бірнеше сатыға көтеріліп, екінші орта салмақтағы үздік бестіктің қатарына қосылды. Оған соңғы жеңісі себеп болды. Айта кетейік, ол 31 қазанда Эр-Риядта Сауль Альварес пен Кристиан Мбилли жекпе-жегінің андеркартында өнер көрсеткен еді. Бек Нұрмағанбет мексикалық Маркос Васкесті бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді.
Айта кетейік, Бек бүгінге дейін 17 жекпе-жек өткізіп, 17-сінде де жеңіске жетті. 15-ін уақытынан бұрын аяқтады. Қазір IBF рейтингінде кубалық Ослейс Иглесиас топ бастап тұр. Одан кейінгі екі саты әзірге бос. Үшінші орынға француз Кевин Леле Саджо, төртінші орынға ливиялық Мәлік Зинад орналасты.
Құрлықтық Хоккей лигасы
«Барыс» алтыншы орынға төмендеді. Құрлықтық Хоккей лигасында өнер көрсететін қазақстандық клуб соңғы кездесулерін сәтсіз өткізіп жүр. Олар жуырда ғана Хабаровск қаласында жергілікті «Амур» клубына 2:0 есебімен есе жіберді. Салдарынан Шығыс конференциясындағы позициясын төмендетіп алды. Қазір «Барыс» 25 ұпаймен алтыншы орынға тұрақтады. Енді қазақстандық клуб өз алаңындағы матчтар сериясын бастайды. Михавил Кравец баптайтын жігіттер 12 қараша күні Астанада Владивосток қаласының «Адмирал» хоккей клубын қабылдайды.