Жетісу облысында қайтарылған активтер есебінен мектеп салынып жатыр
Жетісу облысының Үштөбе қаласында қайтарылған активтер есебінен жаңа мектеп салынып жатыр. 600 оқушыға арналған ғимаратты тұрғызуға 6 миллиардтан астам теңге қарастырылған. Білім ордасының бой көтеруімен шаһардағы ең өзекті мәселе шешімін табады, деп хабарлайды 24KZ.
Людмила Даутованың балалары көрші ықшам аудандағы мектепке күн сайын автобуспен қатынайды. Себебі өздері тұратын жердегі білім ұясы үш жыл бұрын апатты деп танылған. Бір ғасырлық ескі ғимарат биыл бұзылып, орнына жаңасы салынып жатыр.
Людмила Даутова, Үштөбе қаласының тұрғыны:
– Жаңа мектеп салынса, балаларымыз жақын жерге жаяу барып, жаяу қайтады. Автобус қажет болмайды. Сонымен қатар сапалы білім алады деп сенемін. Себебі мектепте жаңа бағдарлама енгізіліп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Барлығы жақсы болады деп ойлаймын.
Мердігерлер мектеп құрылысын қыркүйек айында бастады. Бүгінге дейін олар ғимараттың жертөлесін салып болды. Енді іргесін көтеруге кірісіп жатыр. Жұмысқа өзге өңірлерден шақыртылған мамандармен қатар жергілікті тұрғындар да тартылған.
Андрей Сёмкин, жұмысшы:
– Мен бұл жұмыста бес айдан бері істеймін. Ұжым жақсы. Жалпы, дәнекерлеу саласында алты жылдық тәжірибем бар. Ригельдерді дәнекерлеймін, бетон конструкцияларындағы байламдарды жасаймын. Сонымен қатар, накладнойларды да дәнекерлейміз.
Қайрат Сандықбаев, «AK Construction Company» ЖШС ОФ директоры:
– Негізі құрылыстың аяқталу мерзімі – келесі жылдың желтоқсан айы. Дегенмен алдымызға балаларды 1 қыркүйекте мектепке қабылдау мақсатын қойып отырмыз. Мұнда жалпы ауданы 8 500 шаршы метр болатын сегіз блок бар. Жобаға 6,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, қажетті техникалар да жеткілікті.
Жобаға сәйкес бастауыштың балалары мектептің бір жағында, ал жоғарғы сыныптың оқушылары екінші басында оқиды. Олар үшін екі спортзал қарастырылған. Құрылысты аяқтаған соң мердігерлер тиісті құрал жабдықтарды жеткізіп, ғимаратты дайын күйінде өткізіп береді. Жаңа оқу орны білім саласындағы түйіткілді мәселенің түйінін тарқатуға ықпал етеді.
Жандос Кенелбаев, Қаратал аудандық білім бөлімінің басшысы:
– Ең алдымен, бұл балалардың бір мектептегі тығыздығы мәселесін шешеді. Екіншіден, балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Үшіншіден, Морозов атындағы мектептің гимназия мәртебесі бар. Сондықтан гимназиялық мәртебесіне сәйкес білім сапасы да өте жоғары болады.
Жетісу облысында қайтарылған активтер есебінен кейінгі үш жылда 29 әлеуметтік нысан салынды. Шалғай ауылдарда ауызсу жүйелері жаңартылды. Мектептер мен медицина мекемелері бой көтеріп, ел игілігіне берілді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев