«EcoQolday» қатысушыларына 6 млрд теңгеге жуық қаржы төленді
Жыл соңына дейін Астанада қайталама шикізатты қабылдауға арналған 100 экобокс пен фандомат орнатылады. Жоба «EcoQolday» бағдарламасы аясында іске аспақ. Бағдарлама қатысушыларына осы уақытқа дейін шамамен 6 млрд теңге төленген. Олай болса, отандастарымыз қоқыс тапсыру арқылы табысын қалай арттыра алады? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
«Таза үй – Таза ел» экологиялық бастамасы аясында мұндағы тұрғын үй кешенінің ауласына қағаз бен пластик қалдықтарын сұрыптауға арналған арнайы контейнерлер қойылған. Үш айдың ішінде тұрғындар онда 3 жарым тонна картон мен 500 келі пластик жинап, өткізген әрбір қоқыс қалдығына ақы алған. Нәтижесінде тұрғындар ауланы абаттандырып, қоқыстан түскен қаржыны кәдеге жаратқан.
Шыңғысхан Дүйсенбек, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
– Қоқысты жинаушылар өздері келіп, өлшеп алады. Содан кейін ақшаны мүлік иелері бірлестігінің есепшотына аударады. Ал қаражатты қайда жұмсау керегін біз тұрғындармен бірлесіп шешеміз. Мәселен, жазда жиналған ақшаға гүл ектік, наурыз мерекесін де атап өттік. Алдағы уақытта осы қаражатқа шырша орнатып, балаларға арналған іс-шаралар өткізуге болады. Кейбір тұрғын үйлер футбол турнирін ұйымдастырып, балаларға сыйлықтар мен жүлделер табыстаған. Мұның бәрі – өз үйіміз бен балаларымыздың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Ал бұл – пластик қалдықтарға арналған фондомат. Қаланың әр бұрышына мұндайдың 40-қа жуығы орнатылған. Соны аппарат әсіресе жастар арасында танымал. Өйткені пластик бөтелкені тапсырған әр адам бонус жинап, тауар не белгілі бір қызмет түріне жеңілдік ала алады.
Шыңғысхан Дүйсенбек, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
– Әр тапсырылған пластик бөтелке үшін 10 бонус беріледі. Оны кейін қосымшадағы ұсыныстарға қарай жұмсауға болады. Мәселен, PLUS жазылымын рәсімдеуге немесе қоғамдық көлікте жолақы төлеуге болады. Қосымшада қолжетімді қызметтердің бірін өзіңіз таңдайсыз. Осы уақытқа дейін 5 млн пластик бөтелке жиналған. Жиналған қалдық қайта өңделіп, жаңа өнімге айналады. Бұл мақсатта «EcoQolday» бағдарламасына қайталама шикізатпен жұмыс істейтін кәсіпорындардың бірнеше санаты қатысады. Олардың қатарында қалдық жинаушылар, қайта өңдеушілер және шикізатты толық цикл бойынша өңдейтін өндіріс орындары бар. Солардың бірі елордада картон мен полиэтилен үлдірін жинаумен айналысады. Олар қала аумағын тазарту үшін қоқысты сұрыптап жинауға арналған 8 арнайы контейнер орнатқан.
Нұркен Олжабай, сұрыптау кәсіпорнының директоры:
– Пилоттық жоба енді ғана аяқталды. Контейнерлер санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Себебі жоба өзін жақсы жағынан көрсетті. Тұрғындар да қалдықтарды бөлек жинауға біртіндеп дағдыланып келеді. Қазір картон мен полиэтилен үлдірін жеке сұрыптайды. Мәселен, жобаның алғашқы кезеңінде бір контейнерден бір жолы 50-60 келі шикізат жинасақ, қазір бұл көрсеткіш 200 келіге жуықтады. Ай сайын шамамен 500 тонна картон, сондай-ақ 50 тоннадай полиэтилен үлдірі мен макулатура жөнелтеміз.
Цифрлық платформа арқылы осы уақытқа дейін 180 мың тоннадан астам қалдық қайта өңделген. Биыл жиналған қайталама шикізат көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 жарым есе артқан. Сәйкесінше, төленген өтемақы мөлшері де биыл айтарлықтай артып, шамамен 5 миллиард теңгеге жеткен. Ал «EcoQolday» жүйесі іске қосылғалы бағдарлама қатысушыларына 6 миллиард теңгеге жуық қаржы аударылған.
Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
– Бұл – заңды тұлғалар мен жеке азаматтарға арналған ақпараттық платформа. Негізгі мақсаты – қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу жұмыстарын ынталандыру. Жүйеге тіркелген әрбір қатысушы қалдықтың әр түрі бойынша субсидия алуға құқылы. Сондай-ақ бағдарламаға мүлік иелері бірлестіктері де қосыла алады. Олар тапсырған тұрмыстық қалдықтың әр келісі үшін субсидия алады.
Нұркен Олжабай, сұрыптау кәсіпорнының директоры:
– 2024 жылдан бері «Жасыл даму» компаниясымен келісімшарт негізінде жұмыс істеп келеміз. Өңделіп, сатылған әр келі қайталама шикізат үшін субсидия аламыз. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Осы уақытқа дейін шамамен 100 млн теңге көлемінде субсидия алдық. Соның арқасында қала сыртынан өндірістік база сатып алдық. Енді пластикті қайта өңдеуді қолға алмақпыз. Қалдық жинайтын техникаларымызды толық жаңарттық, жаңа контейнерлер сатып алып, қайталама шикізатты өңдеу мен престеуге арналған жабдықтарды да жаңарттық. 2 жылдан бері бағдарлама аясында 15 жоба жүзеге асып, қолданысқа берілген. 130-дан астам қоқыс таситын көлік сатып алынып, қалдықтарды сұрыптайтын үш нысан іске қосылған. Сондай-ақ шина мен макулатураны қайта өңдейтін үш кәсіпорын ашылып, 130-дан астам көпқабатты тұрғын үйге арнап 53 экобокс қойылған. Жыл соңына дейін тағы 100 экобокс пен фандомат қою жоспарланып отыр.
Авторлары: Назым Кенжебай, Роза Сатканова, Досбол Байгелдин