Ғылым саласында 51 млрд теңгенің заң бұзушылығы анықталды

Ғылым саласынан 51 млрд теңгеге заң бұзушылықтар анықталды. 

Сонымен қатар 47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылғаны белгілі болды. Бұл туралы Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді. 2022-2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайып, 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өсті. Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Саланың материалды-техникалық базасын жаңарту жанданды. Жас ғалымдарды қолдау шаралары қабылданды. Дегенмен, Мемлекеттік аудит салада әлі де бірқатар кемшілік барын көрсетті. Мәселен, 2021-2025 жылдары саланы дамытуға арналған 4 бағдарламалық құжат қолданыста болған. Алайда олардың үшеуі  мерзімінен бұрын күшін жойған.

Аудиторлар ғылыми жобаларды іріктеу жүйесінен де олқылықтар анықтады. 2025 жылғы конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Соның салдарынан зерттеулердің бүкіл кезеңі кейінге шегерілген. Сондай-ақ 545 жоба бойынша экономикалық сараптама қаржыландыру көлемін шамамен 12 млрд теңгеге қысқарту жөнінде берілген ұсыныстар ескерілмеген. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жұмыстары да әлсіз екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы: 

«Нақты нарықтық әсер де шамалы. Аяқталған 141 жобаның ішінде небәрі 38 жоба немесе 27%-ы ғана соңғы 3 жылда өнімді тұрақты түрде сата алған. Қаржы көлемі 22 млрд теңге болатын қалған 103 жоба өнім өндіру мен сату көлемі бойынша күткен нәтижелерге қол жеткізбеген». 

Бұдан бөлек аудиторлардың пікірінше, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылымды дамытуға 1% қаражат аудару тетігі нақты ғылымды дамыту құралына айналмаған. Бұған бақылаудың әлсіздігі және түскен қаражаттың басқа мақсатқа кетуі себеп. Атап айтқанда, ғылыми айналымнан тыс мақсаттарға, яғни депозиттерге, бағалы қағаздарға бағытталуы. Осы орайда Жоғары аудиторлық палата ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап, олардың өндіріске енгізілуіне дейінгі бүкіл кезеңді толық цифрландыруды ұсынды. Аудиторлардың пайымдауынша, салаға бірыңғай есепке алу жүйесін енгізу қажет.

Сондай-ақ оқыңыз: