Қазақстанда ұялы байланыс қолжетімділігі артқан

Ұялы байланыс бағасы мен жылдамдығы жөнінен Қазақстан бірқатар Еуропа елдерінен көш ілгері. Мобильді интернеттің сапасы артқан тұста қазақстандықтар бір ғана смартфонның көмегімен бірталай шаруаның басын қайыра алады. Бұған әлбетте ұялы байланыстың қолжетімділігі себеп, деп хабарлайды 24KZ.

Broadband Genie биыл жүргізген зерттеуіне сәйкес, елдегі мобильді интернет гигабайтының құны 30 цент шамасында. Интернеттің қолжетімділігі бойынша Қазақстан 234 елдің арасында 53-ші орынға тұрақтаған. Байланыс бағасы арзан болғанмен, жылдамдығы өзгелермен салыстырғанда біршама жоғары. «Бұған гигабайттарды тұтыну көрсеткішінің артуы дәлел», – дейді ІТ сарапшы Марат Шәкен.

Марат Шәкенов, ІТ сарапшысы:

– Бәріміз де цифрлық қызметтерді белсенді қолданамыз: онлайн білім алып, банк қосымшалары, eGov Mobile секілді сервистерге жиі жүгінеміз. Орта есеппен әр қазақстандық айына мобильді интернеттің 26 гигабайтын қолданады. ТМД аумағында бұл көрсеткіш – 22 гигабайт. Яғни елде цифрлық экономикаға көшудің негізі құрылған.

Соңғы жылдары салаға құйылған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен, соңғы үш жылда «Кселл» 412 млрд теңгеге жуық қаржы бағыттаса, «Картел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 289 млр жұмсапты. Бұның бәрі ұялы байланыс инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ықпал етті.

Марат Шәкенов, ІТ сарапшысы:

– Жаңылмасам, операторлар 5G желісін жетілдіруге, оның ішінде республикалық маңыздағы жолдардың бойында интернетті тартуға 1,5 млрд теңге құйған. Ел ішінде үнемі жүріп-тұрамын. Қазақстанда байланыс ұстамай қалатын жерлерді байқамадым. Инвестиция үлесі артқандықтан операторлар да сервисті мейлінше жақсартуды көздейді. Елдегі инфляцияны ескере отырып, ұтымды баға саясатын орнатып, байланыс сапасын жоғалтпауға тырысады.

Халықаралық электрбайланыс одағының мәліметінше, Қазақстанда былтыр бір ғана кеңжолақты байланысқа тіркелген трафик көлемі 283 гигабайт болды. Ал әлемдік орташа көрсеткіш 184 гигабайт. Демек, мобильді интернет сапасы мен баға саясаты үйлескенде халық байланыстан тарықшылық көрмейді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Қайрат Қалиянбек

Сондай-ақ оқыңыз: