Қарағанды облысында мәдениет нысандарын жаңғыртуға 72 млрд бөлінеді
Қарағанды облысында алдағы үш жылда мәдениет нысандарын салу және ескісін жаңғыртуға 72 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Соның ішінде кеншілер қаласында 1500 орындық конгресс-холл салу, «Шалқыма» концерт залы мен кинотеатрды жаңғырту сияқты ірі жобалар бар. Жаңа нысандар ауылдық жерлерде де ашылып жатыр. Мәселен, Көкпекті ауылында заманауи Мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылында бұрын мәдени шаралар мен үйірмелер ескі әрі тар ғимаратта өтетін. Тұрғындардың сұрауы бойынша елді мекенде былтыр алғаш рет Мәдениет үйі ашылды. Мұнда 200 орындық зал, сахна және түрлі үйірмеге арналған кабинеттер бар.
Қарлығаш Мүсенова, Көкпекті ауылының тұрғыны:
- Бізде мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория бар, пошта жұмыс жасайды. Мәдениет ошағы ашылғаннан бері мектепте өнерпаз балалардың бар екенін енді білдік. Биші де, күйші де, әнші де бар. Би жетекшілері келіп жатыр, ән жетекшілері жетерлік. Сахнамыз өнерпаз балаларға толды.
Мәдениет үйі ауыл өнерпаздарының рухани-мәдени дамуына мүмкіндік берді. Қазір мұнда 200-ге жуық адам түрлі үйірмеге қатысады. Мектеп оқушылары хореография, вокал және сурет салуды меңгеріп жүр. Сонымен қатар мүгедектігі бар балаларға да арнайы үйірмелер ұйымдастырылған.
Ардақ Елібаев, Көкпекті ауылы Мәдениет үйінің директоры:
- Көптеген іс-шараларды өткіздік. Бұл халыққа ұнап жатыр. Біздің айта кетерлік жайт, бұл мекемеде 90 пайызға осы жергілікті халық жұмыс жасайды. Байқауларға баратын кезде әкімшілік және өзіміздің басшылық «Газель» керек болса, басқа машиналар керек болса, беріп тұрады.
Биыл облыста 33 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Ал Үштөбе мен Доскей ауылдарында жаңа клуб ашылды. Алдағы үш жылда өңірдің мәдени инфрақұрылымын дамытуға 72 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады. Қарағандының өзінде 1500 орындық Конгресс-холл салынып, «Шалқыма» концерт залы, ескі кинотеатр мен театрлар жаңғыртылады. Биыл облыстық Тарихи-өлкетану музейіне де күрделі жөндеу жүргізілді. Мұнда мультимедиалық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері қолданылған жаңа экспозициялар ашылды.
Дариға Жұмақаева, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
- Мұнда тоғыз жаңа көрме залы ашылды. Барлық зал заманауи инновациялық форматта жабдықталған. Олар тұрғындардың барлық санатына қолжетімді. Бұл музей халық арасында үлкен сұранысқа ие. Биыл келушілер саны анағұрлым артты.
Өзге өңірлерде де мәдени инфрақұрылым дамып келеді. Соңғы жеті жылда елімізде 312 жаңа мәдениет нысаны салынды. Олардың қатарында Мәдениет үйлері, ауылдық клубтар, музейлер, кітапханалар мен театрлар бар. Жаңа нысандар ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеп, тұрғындардың шығармашылықпен айналысуына кең мүмкіндік береді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев