Алакөл жағалауын нығайтуға 30 млрд теңге бөлінеді

фото: ЖИ

Алакөл жағалауын нығайту жұмыстарына 2027 жылы шамамен 30 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Құрылыс келесі жылы басталмақ. Алайда бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуы, жобалардың сапасы мен мердігерлердің жұмысы қатаң бақылауда болуы керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Депутаттың сөзінше, Алакөл – жыл сайын шамамен 4 млн адамға қызмет көрсететін ірі туристік аймақ. Сондықтан оның инфрақұрылымын жақсарту маңызды. Курорттағы басты мәселелердің бірі – жағалауды толқын шайып, жыл сайын бүлдіруі. Бұған қоса, Абай және Жетісу облыстарының аумағындағы туристік бағытта жол мәселесі де шешімін күтіп тұр. Екі облыстың арасындағы шамамен 8 шақырым жол бірнеше жылдан бері жөнделмеген.

Алакөлге келетін туристер де, жергілікті тұрғындар да жолдың жағдайын үнемі айтып жүр. Халықтық құрылыс жылы аясында осы және басқа да инфрақұрылымдық мәселелер шешіледі деп үміттенеміз. Бірақ бөлінетін әр теңгенің қайда жұмсалатынын, жобаның сапасын және мердігердің кім екенін мұқият тексеру қажет, – деді Екатерина Смолякова.

Депутат туризмді тек демалыс пен саяхат саласы ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Бұл бағыт көлік, құрылыс, сауда, кадр даярлау және қызмет көрсету сияқты 20-дан астам саламен тығыз байланысты. Сондықтан туризмнің дамуы жалпы экономикаға да әсер етеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша туризмнің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 3,2 пайызға жетіп, экономикалық көлемі 5 трлн теңгені құраған. Салада 650 мыңнан астам адам еңбек етеді. Ал туристік бағытқа тартылған инвестиция көлемі алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 18 пайызға өскен.

Депутаттың пікірінше, туризмге инвестиция тарту үшін ең алдымен инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту қажет. Инвестор қонақүй немесе демалыс орнын салуға ниетті болғанымен, жол, су, электр және басқа да қажетті желілер дайын болмаса, жобаны жүзеге асыру қиындайды. Бұған қоса, кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі түсінікті заңнамалық талаптар болуы маңызды.

Мемлекет туристік нысандар салатын кәсіпкерлерге бірқатар қолдау тетігін ұсынады. Мәселен, қонақүй салу немесе оны қайта жаңғырту шығындарының 10 пайызына дейін, визит орталықтары мен туристік көлік сатып алу шығындарының 25 пайызына дейін өтелуі мүмкін.

Сонымен бірге саладағы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін білікті мамандар даярлау қажет. Депутат туристермен тікелей жұмыс істейтін гидтер мен экскурсоводтардың кәсіби деңгейі елдің туристік келбетін қалыптастыратынын айтты. Осы бағытта гидтер мен экскурсоводтарды даярлау және сертификаттау ережелері жетілдірілген. Туризм мамандықтары бойынша білім беру мүмкіндіктері де кеңейіп келеді.

Туристі қарсы алатын гид – еліміздің визиттік карточкасы. Сондықтан оның сауатты сөйлеуі, дұрыс ақпарат беруі және сапалы қызмет көрсетуі өте маңызды. Туризмді дамытамыз десек, ең алдымен адамға, яғни білікті маман даярлауға басымдық беруіміз керек, – деді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз: