Елде қоқысты өңдеуге ₸122 млрд бөлінді
Қазақстандықтар жылына 5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қалдықты қоқысқа тастайды, деп хабарлайды 24KZ.
Соның тек 30 пайызы ғана өңделіп, қайта кәдеге жаратылады. Көрсеткішті арттыру үшін Үкімет жыл сайын салаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтты. Келер жылы қазынадан тағы 200 млрд теңге қаржы қарастырылмақ. «Иә, қалауын тапса, қоқыс та тәп-тәуір пайда көзі», – дейді мамандар.
Тазалық табалдырықтан басталады. Елордадағы әуежайда пластик қабылдайтын құрылғы орнатылды. Қала бойынша мұндай фандоматтардың 20-ға жуығы бар. Көбіне халық көп шоғырланатын орындар мен ойын сауық орталықтарында тұр. Құрылғыны қолдану ережесі қарапайым. Босап қалған пластик құтыны өткізу арқылы тұтынушы ұпай жинайды. Кейін оны мобильді қосымшадағы дүкендерде айырбастайды. Биыл бір ғана Астананың өзінде 2 миллионға жуық пластик бөтелке жиналған.
Татьяна Ашрафзянова, кәсіпкер:
– Қазақстан аумағында мұндай фандоматтардың саны 50-ден асты. Келер жылы 1500-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Астана мен Алматыдан бөлек, Көкшетау, Петропавл, Ақтау қалаларында да орнаттық. Бұл құрылғының арқасында осы кезге дейін 5 миллионнан аса пластик жиналды. Тапсырылған әр ыдысқа 10 ұпай беріледі. Оны бізбен серіктес дүкендерде қолдануға болады.
Кейін жиналған құтылар жеткізу компаниялары арқылы қайта өңдеу зауыттарына жөнелтіледі.
Назерке Тоқжан, тілші:
– Бір ғана мынадай пластик ыдыстың өзі полигонда жүздеген жыл шірімей жатуы мүмкін. Ал біз тұрған мына зауыт дәл осындай пластик қалдықтарға екінші тыныс сыйлайды. Үйме-үйме болып жатқан тұрмыстық қоқыс ұсақталып, арнайы пеште балқытылады. Кейін ол құммен араласып, түрлі бұйым жасауға болатын қоспа дайындалады.
Руслан Орынтаев көп жыл бойы құрылыс саласында еңбек етті. Ал алты жыл бұрын қоқыс өңдейтін зауыт ашқан. Қазір мұнда айына 100 тонна пластик өңделеді. Одан 20-ға жуық зат жасалады. Бірқатары саябақтарда қала келбетіне көрік беріп тұр. «Мәселен, мына орындықтар көпке дейін өңін бермейді, күн мен жаңбырға төзімді», – дейді ол. Кешеннің өндірістік қуатын одан әрі арттыру үшін кәсіпкер «Жасыл даму» бағдарламасына жүгінді. Мемлекеттен төмен пайыз несие алып, жабдық сатып алды. Жаңа желі желтоқсанда іске қосылады.
Руслан Орынтаев, кәсіпорын иесі:
– Орындық, қоқыс жәшігі, жиектас, тізбелей берсек біздің өндірісте қалдықтан жасалатын өнім өте көп. Олардың құрамы 70 пайыз құм және 30 пайыз өңделген полиэтиленнен тұрады. Бұл өнімдерге еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түсіп жатыр. Жаңа желі іске қосылса, жылына 900 мыңнан астам дайын өнім жасауға мүмкіндігіміз болады. Оған қоса, жұмысшылардың қатарын 10-нан 50-ге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.
Кейінгі жылдары экологиялық бастамаларды қолдауға «Жасыл даму» акционерлік қоғамы 122 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Оған 34 жоба мақұлданды. Бүгінде соның жартысына жуығы сәтімен жүзеге асты. Дені Алматы, Астана және Шымкент қалаларында. Ал жыл соңына қарай Қостанайда Орталық Азиядағы тұңғыш тетропакет өңдейтін зауыт іске қосылады.
170-тен астам қоқыс шығаратын автокөлік, 3 сұрыптау кешені, 3 қалдықтарды қайта өңдеу кешені
Серікбол Қалиақбаров, «Жасыл даму» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің директоры:
– Өнеркәсіпті дамыту қорымен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. 7 кәсіпкерлік субъектісі қаржыландыруға дайын. Ақша қаражаты 30 млрд теңгенің көлемінде және 15 жоба сараптау кезеңінде. Жеңілдетілген қаржыландыру тетігі бойынша шарты 3 пайызбен 15 жылға дейін беріледі. Бұл сұрыптау кешені және қайта өңдеу зауыттарына. Ал жаңа қоқыс шығаратын автокөлік шығарамын деген кәсіпкерге 7 жылға дейін беріледі.
Статистикаға сүйенсек, елде жылына шамамен 5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналады. Соның тек 30 пайыздан астамы ғана қайта өңделеді. Алайда әлі күнге қалдықтардың қандай көлемде қалыптасатыны жайлы нақты есеп жоқ. Үкімет осы ретте қоқысты бақылауды реттейтін цифрлық жүйе жасауға кірісті.
Абылай Алмұханов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департменті директорының орынбасары:
– Олардың пайда болу кезінен бастап түпкілікті көмуге дейін барлық қозғалысын бақылап отыруға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе көзделіп отыр. Ақпараттық жүйені құру – бір. Оны басқа салалармен интеграциялау ол – екі. Ал үшіншіден, осы саладағы кәсіпорындар болсын, қалдық түзушілер болсын, ақпараттық жүйеде қалдықтардың қозғалысын көрсету бойынша міндеттерін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет. Осы жұмыспен біз айналысып жатырмыз.
Келер жылы экологиялық жобаларды қаржыландыруға қазынадан 200 млрд теңге қаржы бөлінбек. Оған Қызылорда және Ақтөбе қалаларында шыны бөтелке өңдейтін ірі кешендер салу көзделген.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Мадияр Қындыбаев