Мал ұрлығына қатысы бар 142 қылмыстық топ ұсталды

фото: ЖИ

Қазақстанда биылғы 10 айда мал ұрлығы 6,7 пайызға төмендеді. Жыл басынан бері осындай 420-дан астам қылмыс ашылып, 556 күдікті ұсталды. Сондай-ақ 142 қылмыстық топтың жолы кесіліп, ұрланған 4 мыңнан астам мал заңды иелеріне қайтарылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Ақпараттық саясат департаментінің басқарма бастығы Шұғыла Тұрлыбек 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Министрлік өкілінің сөзінше, кейінгі бес жылда мал ұрлығы тұрақты түрде азайып келеді. Дегенмен күзгі-қысқы кезеңде мал иелерінің сақтық шараларын күшейткені маңызды. Полиция жол бойындағы бекеттерде мал тиелген көліктерді тексеріп, ауылдық жерлерде учаскелік инспекторлар ветеринарлармен бірлесіп жұмыс істейді.

Мал ұрлығының алдын алуда төрт түлікті таңбалау, ен салу және чиптеу маңызды рөл атқарады. Өйткені малдың иесі анық көрсетілмесе, оны тапқан күннің өзінде кімге тиесілі екенін дәлелдеу қиынға соғуы мүмкін.

Мал иесі ең алдымен өз түлігін таңбалап, ен салуы керек. Қазір жақсы нәтиже беретін тәсілдердің бірі – чиптеу. Мәселен, өткен жылы Абай облысында ұрланған малды Газель көлігімен тасымалдап бара жатқанда патрульдік полиция тоқтатқан. Қызметкерлердің планшеті арқылы малға салынған чип тексеріліп, оның кімге тиесілі екені анықталды. Осылайша ұрлықтың беті ашылды, – деді Шұғыла Тұрлыбек.

Мал иелері төрт түлігін сататын кезде де тиісті құжаттарды рәсімдеуі қажет. Ол үшін ветеринар мен учаскелік полиция инспекторынан малдың таңбасы барын және заңды иесіне тиесілі екенін растайтын анықтама алу керек. Бұл малды тасымалдау кезінде де заңдылығын дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар полиция жоғалған мал туралы хабарды кешіктірмеуге шақырады. Өйткені уақыт өткен сайын ұрланған малды басқаға сатып жіберуі немесе сойып тастауы мүмкін. Ал жоғалған әр мал міндетті түрде ұрлыққа байланысты бола бермейді. Кейде қараусыз жайылған төрт түлік адасып кетеді, жыртқыштарға жем болады немесе қысқы аязда, мұз астында қалып қояды. Сондықтан мал иелері мұндай жағдайлардың алдын алу үшін де бақылауды күшейтуі керек.

Мал ұрлығы үшін жауапкершілік 2019 жылы күшейтілді. Қылмыстық кодекске арнайы 188-бап енгізілді. Жасалған әрекеттің ауырлығына қарай жаза тағайындалады. Егер қылмыс ұйымдасқан топпен жасалса немесе көп мөлшерде мал ұрланса, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деді ІІМ өкілі.

Министрлікте мал ұрлығына қарсы іс-қимыл бойынша арнайы ведомстволық бағдарлама жұмыс істейді. Оның аясында әр өңірдегі қылмыс жағдайы талданып, соған қарай рейдтер мен жедел-профилактикалық шаралар ұйымдастырылады. Бұл жұмысқа учаскелік инспекторлармен қатар патрульдік полиция мен жедел уәкілдер де тартылады. Бұдан бөлек, ірі қалалардағы ет және мал базарларында тексеру жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз: