Қазақстан мен Сингапур қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекті кеңейтеді
Қазақстан мен Сингапур қылмыстық істерді тергеп-тексеру және қарау кезінде өзара құқықтық көмекті күшейтеді. Бұл бағыттағы келісімді Құрылтай ратификациялады, деп хабарлайды «24KZ».
Құжатқа 2025 жылғы 8 қыркүйекте Сингапурде қол қойылған.
Келісім екі елдің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және қылмыстық істер бойынша қажетті дәлелдемелерді жедел алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тараптар екінші мемлекеттің аумағында тиісті процестік әрекеттерді жүзеге асырудың құқықтық тетіктерін қалыптастырады.
Құжатқа сәйкес, өзара құқықтық көмек бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, дәлелдемелер жинау, тінту жүргізу, банктік шоттар туралы ақпарат алу, сараптамалар ұйымдастыру және куәлардан айғақтар алу қарастырылған. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған табыстарға қатысты тиісті шаралар қабылданып, қажетті адамдардың процестік әрекеттерге қатысуы қамтамасыз етілуі мүмкін.
Келісімде құқықтық көмек көрсетуден бас тарту жағдайлары да нақты белгіленген. Мәселен, сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де маңызды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса, тараптар көмектен бас тарта алады.
Сондай-ақ адамның нәсіліне, дініне, жынысына, этникалық шығу тегіне, ұлтына немесе саяси көзқарасына байланысты құқықтары бұзылуы ықтимал жағдайда сұрау салу орындалмауы мүмкін.
Бұдан бөлек, сұрау салуды орындау тиісті қылмыстық істі тергеуге немесе сотта қарауға кедергі келтіретін болса, құқықтық көмек көрсетуден бас тарту мүмкіндігі қарастырылған. Бұрын осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылған, ақталған, жазасын өтеген немесе кешірім жасалған адамдарға қатысты да тиісті шектеулер көзделген.
Осылайша, келісім Қазақстан мен Сингапур арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, трансұлттық қылмыстарды тергеу кезінде дәлелдемелер алмасу мен процестік әрекеттерді жүргізудің құқықтық негізін кеңейтеді.