Әлеуметтік желіде кім көрінген ақыл айта алмайды: жаңа талап қандай?

Қазақстанда онлайн платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылды. Жаңа нормалар аясында 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттарды бақылау, онлайн платформаларға құқыққа қайшы контент үшін жауапкершілік жүктеу және әлеуметтік желіде білім беру курстарын ұсынатын авторлардан дипломы мен кәсіби біліктілігі туралы мәлімет талап ету көзделіп отыр. Бұл туралы Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Депутаттың сөзінше, заң жобасы ең алдымен азаматтардың, әсіресе балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ шетелдік ірі онлайн платформалардың Қазақстанда ресми өкілдіктерін ашу міндеті қарастырылып отыр. Олардың қатарында Facebook, Instagram және Meta платформалары бар.

Бұл журналистерге шектеу қою немесе ақпарат алуына тосқауыл жасау емес. Керісінше, аудиовизуалды ақпарат тарататын негізгі онлайн платформалардың жұмысын жүйелеу көзделіп отыр. Қоғам өзгерген сайын заң да заман талабына сай жаңарып отыруы керек. Ең бастысы – мемлекеттік және ақпараттық қауіпсіздікті, азаматтардың құқығын қорғау, – деді Жанарбек Әшімжанов.

Заң жобасындағы тағы бір маңызды норма әлеуметтік желілердегі анонимді аккаунттарға қатысты. Депутаттың айтуынша, 5 мыңнан астам жазылушысы бар және бүркеншік атпен жұмыс істейтін парақшаларды бақылау құзыреті Ақпарат және мәдениет министрлігіне берілмек. Бұл талап аты-жөнімен жұмыс істейтін блогерлердің қызметіне кедергі келтірмейді. Жаңа тетік анонимді парақшалардың артында кім тұрғанын анықтауға бағытталған.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде білім беру курстарын, дәрістер мен түрлі оқыту бағдарламаларын ұсынатын авторларға да талап күшейтілмек. Енді олар өздерінің кәсіби білімі мен дипломы туралы ақпаратты көрсетуге тиіс. Бұл талап қаржы, дін және басқа да бағыттарда аудиторияға кеңес беретін адамдарға қатысты болмақ.

Әлеуметтік желіде кім көрінген шығып, елге ақыл айта бермеуі керек. Егер адам белгілі бір салада дәріс оқып, мыңдаған аудиториямен жұмыс істесе, оның тиісті білімі мен кәсіби біліктілігі болуы қажет. Сондықтан мұндай қызметті құқықтық тұрғыдан реттеу орынды, – деді депутат.

Бұдан бөлек, онлайн платформаларда құқыққа қайшы контент таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылған. Мұндай контентке деструктивті діни ағымдарды насихаттау, жалған ақпарат тарату, балаларға қатысты буллинг және азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін материалдар жатуы мүмкін. Бұл бағыттағы нормаларды іске асыру Цифрлық даму министрлігінің құзыретіне берілмек.

Ал мемлекеттік органдардың журналистер сауалына толық әрі сапалы жауап беру мәселесі де талқылануы мүмкін. Депутаттың айтуынша, қазір қолданыстағы заң бойынша мемлекеттік органдар ақпаратты бес жұмыс күні ішінде ұсынуы керек. Алайда кей жағдайда жауап толық болмайды. Заң жобасын талқылау барысында мемлекеттік органдардың да ақпарат ұсынудағы жауапкершілігін нақтылау жөнінде ұсыныстар қарастырылуы ықтимал.

Айта кетейік, заң жобасы Құрылтайдың пленарлық отырысында бірінші оқылымда қабылданды. Құжат әлі де талқыланып, екінші және үшінші оқылымнан өтуі тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз: