Павлодарда қобызға арналған алғашқы концерт өтеді
Қорқыт дәуірінен заманауи классикаға дейін. Павлодардағы Иса Байзақов атындағы облыстық филармония жанындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі «Ғасырлармен үндескен қобыз үні» атты концертке дайындалуда. Бұл – оркестр тарихында алғаш рет тұтастай қобыз аспабына арналған шығармашылық кеш. Ғасырлар қойнауынан жеткен көне аспаптың қоңыр үні бүгінгі заман әуенімен қалай үндеседі, деп хабарлайды 24KZ.
Оркестр ұжымы концертке қызу дайындық үстінде. Бағдарлама екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде Қорқыт, Құрманғазы, Ахмет Жұбановтың шығармалары және халық әндері орындалады. Ал екінші бөлімде әлемдік және қазақ композиторларының танымал туындылары қобыздың сүйемелдеуімен жаңа нақышта ұсынылмақ. Осылайша, көрермен көне аспаптың сан қырлы үнін тыңдап, оның заманауи музыкамен жарасымды үйлескенін сезіне алады.
Әдия Сейсенбаева, Р. Омаров атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әртісі:
– Бұл өте ғажайып әрі ерекше концерт болмақ. Себебі қара қобызымыз – IX ғасырдан бастау алатын көне аспап. Концерт барысында оның көптеген ерекшеліктерімен танысуға болады. Қорқыт дәуірінен бастау алатын шығармалармен қатар, заманауи классикалық және басқа да көптеген қызықты туындылар орындалады. Олардың қатарында Пьяццолланың «Эскуало» шығармасы, Қорқыттың «Фатима сарыны» күйі және Әлқуат Қазақбаевтың шығармалары бар.
Биыл Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның құрылғанына 85 жыл толды. Мерейтой аясында бірқатар шығармашылық кеш өткізіліп, гастрольдік сапарлар ұйымдастырылды. Осы уақыт ішінде оркестр ұжымы әр аспаптың өзіндік үнін танытып, оның ерекшелігін көрерменге жеткізуге баса мән берді. Сондай-ақ жаңа концерттік бағдарламалар әзірленіп, тың туындылар көпшілік назарына ұсынылды.
Талғат Кәрімов, Р.Омаров атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі:
– Былтыр көктемде домбырашылар тобы концерт берді. Ал биыл қобызшылар өнер көрсетеді. Бұл концертте тек қана қобыз емес, қобыз-прима, қылқобыз, бас қобыз сияқты аспаптар да ұсынылады. Бұл – ерекше концерт. Оны біздің 85 жылдық мерейтойымызға арналған өзіндік бір сыйлық деуге болады.
Мерейтой аясында филармония жаңа музыкалық аспаптар мен заманауи сахналық жабдықтармен толықты. Қазір шығармашылық ұжымдарға арнап жаңа сахналық костюмдер де тігіліп жатыр. Мұның бәрі концерттердің көркін ашып, көрерменді тың туындылармен қуантуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков