Қазақстанның барлық өңірінде цифрлық ХҚК кеңселері ашылады

Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі жаңа форматқа көшіп жатыр. Енді азаматтар бұрынғыдай кезекке тұрып, қағаз құжаттарды толтырудың орнына, көптеген қызметті цифрлық кеңселерде электронды форматта ала алады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығын дамыту департаментінің директоры Ерболат Нұртазин «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Жаңа орталықтарда жасанды интеллект мүмкіндіктері де қолданылады. Жоба аясында жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінде осындай кеңселер ашу жоспарланып отыр. Департамент директорының айтуынша, цифрлық кеңселердің дәстүрлі ХҚКО-дан басты айырмашылығы – қызмет көрсету процесінің толықтай электронды форматқа көшуі.

Бұрынғы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтар кезекке тұрып, талон алып, құжаттарын қағаз түрінде тапсыратын. Ал цифрлық кеңселерде бұл процестер электронды форматта жүзеге асады. Қазір мұнда 1300-ден астам қызмет түрін алу мүмкіндігі қарастырылған, – деді Ерболат Нұртазин.

Жаңа үлгідегі кеңселер үш аймаққа бөлінген. Олар – жедел, цифрлық және сараптамалық аймақтар. Әрқайсысы азаматтардың сұранысына қарай қызмет көрсетеді. Мәселен, жедел аймақта заманауи терминалдар орнатылған. Соның бірі – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін eGov GPT жүйесі.

Бұрын азаматтар қажетті қызметті электронды порталдан өздері іздеп, өтінішті қолмен толтыратын. Енді жаңа терминал арқылы микрофонға қажетті қызмет түрін айтып, сұраныс бере алады. Жасанды интеллект өтініш мәтінін өзі қалыптастырады. Азаматқа тек электронды цифрлық қолтаңба немесе eGov Mobile арқылы қол қою жеткілікті.

eGov GPT терминалы азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдетеді. Адам өзіне қажетті қызметті дауыстап айтып, сұраныс жасайды. Жасанды интеллект өтінішті өзі құрастырады. Азамат оны тек электронды қолтаңбамен растайды. Дайын құжат жеке кабинетіне жіберіледі, – деп түсіндірді департамент директоры.

Сонымен қатар жедел аймақта жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуге арналған арнайы терминалдар бар. Бұрын бұл қызметті алу үшін бірнеше кезеңнен өту қажет болса, енді фотоға түсуден бастап, төлем жасау, биометриялық сәйкестендіру және өтінішке қол қою бір құрылғы арқылы жүзеге асады.

Ал цифрлық және сараптамалық аймақтарда электронды цифрлық қолтаңба алу, жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт рәсімдеу және күрделі қызметтерді алу мүмкіндігі қарастырылған.

Цифрлық кеңселер барлық өңірде ашылады

Жоба пилоттық сипатта емес. Қазіргі уақытта еліміздің бірнеше қаласында цифрлық кеңселер жұмыс істеп тұр. Алғашқысы маусым айында Ұлытау облысының Жезқазған қаласында ашылған. Кейін Астана, Түркістан, Сәтбаев және Шымкент қалаларында іске қосылды. Қараша айында Қарағанды, Петропавл, Тараз және Орал қалаларында да осындай орталықтар ашылған. Жалпы, жыл соңына дейін цифрлық кеңселер желісін еліміздің барлық өңіріне тарату жоспарланып отыр. Бұған қоса Алматы, Қостанай және Павлодар қалаларында жаңа орталықтар ашу көзделген.

Жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінде кемінде бір цифрлық кеңсе ашу жоспарланып отыр. Негізгі мақсатымыз – мемлекеттік қызметтерді алу процесін барынша жеңілдетіп, азаматтарға қолайлы жағдай жасау, – деді Ерболат Нұртазин.

Цифрландыру жұмыстары ауылдық жерлерді де қамтымақ. Биыл Ақмола облысының Ақмол ауылында және Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында цифрлық кеңселер ашу жоспарланған. Бұл елді мекендердегі жұмыстың нәтижесіне қарай жобаны басқа ауылдарға да кеңейту мәселесі қаралады.

Қарт адамдарға цифрлық қызметті кім үйретеді?

Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшкенімен, халықтың барлығы бірдей электронды платформаларды еркін пайдалана алмайды. Әсіресе егде жастағы азаматтар мен цифрлық сауаттылығы төмен тұрғындар үшін бұл әлі де өзекті мәселе.

Осыны ескере отырып, жаңа кеңселерде арнайы кеңесшілер жұмыс істейді. Олар азаматтарға қажетті қызметті алуға, өтініш толтыруға және электронды сұраныс жіберуге көмектеседі. Бұдан бөлек, цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған оқыту сыныптары да қарастырылған.

Біздің мақсатымыз – азаматтардың мемлекеттік қызметтерді үйде отырып, өз бетінше алуына жағдай жасау. Бірақ цифрлық сауаттылығы әлі жеткіліксіз адамдар бар. Сондықтан кеңселердегі кеңесшілер оларға қызмет алудың жолдарын түсіндіріп, іс жүзінде көмектеседі», – деді спикер.

Оның мәліметінше, цифрлық кеңселердегі арнайы оқыту сыныптарында осы уақытқа дейін 2 мыңнан астам адам білім алған. Сабақтар теориялық және практикалық форматта өткізіледі.

Мемлекеттік қызметтердің 10 пайызы неге әлі қағаз жүзінде көрсетіледі?

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта қолжетімді. Дегенмен кейбір қызмет түрлерін толық цифрландыру әзірге мүмкін болмай отыр. Бұған құжаттардың түпнұсқасына мөр басу немесе арнайы растау рәсімдерінің қажеттілігі себеп.

Ерболат Нұртазиннің айтуынша, цифрлық форматқа әлі көшпеген қызметтердің қатарында жылжымайтын мүлікті тіркеуге қатысты 100-ден астам қызмет бар. Сондай-ақ шетелде пайдалану үшін қазақстандық құжаттарға апостиль қою рәсімі де әзірге қағаз түрінде жүргізіледі.

Кейбір қызметтерде құжаттың түпнұсқасына міндетті түрде мөр басылуы керек. Мысалы, шетелде пайдалану үшін құжаттарға апостиль қойылады. Сондықтан мұндай қызметтер әзірге қағаз форматында қалып отыр, – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ оқыңыз: