Таразда 624 мың қызмет электронды түрде көрсетілді

Биыл Жамбыл облысында 624 мыңнан астам мемлекеттік қызмет электронды форматта көрсетілген. Бұл – жыл басынан бергі 10 айдың қорытындысы. Мамандардың айтуынша, өңірде цифрлық қызметтерді пайдаланушылар саны жыл сайын шамамен 30 пайызға артып келеді. Бұған заманауи технологиялар мен жасанды интеллект жүйелерінің халыққа қызмет көрсету саласына енгізілуі ықпал етіп отыр. Соның бір мысалы – Таразда ашылған AI-кеңсе. 

Таразда жасанды интеллект көмегімен мемлекеттік қызмет алуға болатын AI-кеңсе ашылды. Мұнда тұрғындар қажетті құжаттарды өздері рәсімдей алады. Жалпы 1331 мемлекеттік қызметтің 1320-сын электронды түрде алуға мүмкіндік бар. Бұл тұрғындарға кезек күтпей, уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Толқын Токобаева, қала тұрғыны:

- Құжат алатын болсақ, біз екі қызымызбен, немерелерімізбен келетінбіз. Қазір ол қыздар үйде қалды. Пропискаға тұрғыздық қой егіз қыздарды. Соған келдік. 5 минут та тұрған жоқпыз шығып жатырмыз. Бұрын енді күтетінбіз баламен келіп. Мына жерде адам көп болатын. Қазір ыңғайлы. Ешкім жоқ, талон да алмайсың. Тез қыздар жібереді шығасың. Өте ыңғайлы бізге.

Кеңседе экспресс-қызмет көрсету, цифрлық сервистерді пайдалану, мамандардан кеңес алу және оқыту аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ келушілерге арналған демалыс орны бар. Орталық заманауи моноблоктармен, жоғары жылдамдықтағы сканерлер және ақпараттық панельдермен жабдықталған.

Мерей Бает, тілші:

- Цифрлық кеңсенің тағы бір жетістігі – мына құжаттандыру терминалы. Мұнда сіз шетелге шығуға арналған төлқұжатты жасай аласыз. Сондай-ақ жеке куәлігіңіздің уақыты келген жағдайда осы жерден 5 минуттың ішінде қызмет алып ауыстыруға болады.

Республика бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары жыл сайын 23 миллионнан астам қызмет көрсетеді. Соның ішінде электронды қызметтердің үлесі артып келеді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы көрсетілген қызметтер саны 2024 жылы 8,2 миллион болса, 2025 жылы 14,8 миллионға жеткен. Ал биылғы бірінші тоқсанда 3,9 миллион қызмет ұсынылған. Бұл үрдіс Жамбыл облысында да байқалады. Өңірдегі 16 ХҚКО жыл басынан бері 1 миллионнан астам қызмет көрсеткен. Оның 624 мыңы электронды, 425 мыңы дәстүрлі форматта ұсынылған. Мамандардың айтуынша, электронды қызметті таңдайтын тұрғындар саны жыл сайын 30 пайызға артып келеді.

Шалқар Елемес, ХҚКО бөлім басшысы:

- Техпаспорт жер үйлерге, квартираларға жасату керек болса, бұрын азаматтар талон алып, құжат алып, уақыт алып толығымен осы жерге тапсырып бір аптадан аса уақыт күтетін. Қазір оны осы АІ орталыққа келіп құжаттарын тапсырма беріп, 3 жұмыс күнінен кейін ХҚКО келмей-ақ, жеке кабинетінен шығарып алуға құқылы. Атыңызда мүлкі бар жоқ анықтама, наркодиспансер, туберкулезный диспансериядан, болмаса психо-неврологтиялық диспансерден болмаса, соттылығы бар жоқтығы туралы анықтамаларды 1 минуттан 5 минутқа дейін мемлекеттік қызметтерді алуға болады.

Тараздағы AI-кеңсе – қаладағы осындай форматтағы алғашқы орталық. Ал республика бойынша бұл – тоғызыншы кеңсе. Алдағы уақытты мұндай заманауи орталықтарды облыстың барлық ауданында ашу жоспарланып отыр. Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан

Сондай-ақ оқыңыз: