Пәтер жалдаймын деп сан соққандар көбейді
Ғаламтордағы алаяқтардың қулығына құрық бойламай тұр. Ресми статистика бойынша елдегі әрбір бесінші қылмыс интернет-алаяқтықпен байланысты, деп хабарлайды 24KZ.
Жыл басынан бері осы сипаттағы 16 мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелген. Оның 3,4 мыңы жалған жарнамаға қатысты. Соның ішінде пәтер жалдаймын деп, сан соғып қалғандар да бар.
Аида Жеңісбаева, қала тұрғыны:
- Маған Алматы қаласынан жалдамалы уақытша пәтер алу керек болды. Ол өзін қожайын ретінде таныстырды. Мен пәтер ақысына 150 000 теңге жібердім. Бірақ ол мені бірден бұғаттап тастады.
Аида да осы схеманың құрбаны болды. Ол жалға берушімен тек мессенджер арқылы тілдескен. Пәтердің суреттерін көріп, өзін үй иесімін деп таныстырған адамға сеніп, ақша аударады. Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдайда зардап шегушілердің бәрі бірдей сотқа жүгінбейді. Себебі шығынды өндіріп алу үшін тағы да заңгер жалдау керек. «Бұл қаржылық тұрғыдан тиімсіз», – дейді мамандар.
Арыс Данағатов, заңгер:
– Мұнымен де алаяқтар өте жиі қолданады. Олар адамдардың ертең сотқа да бара алмайтынын біледі. Сот шығындарын қайтарған кезде тек сіздің сомаңыздан 10 пайызын ғана қайтарады. Мысалы, 100 мыңнан 10 000 қайтарады. Бірақ заңгерге 50 000, 100 000 төлейсің. Сондықтан сотқа берсең де, ол экономикалық түрде тиімсіз. Соттан ұтасың, бірақ сотқа кеткен шығындар сізден кеткен жаңағы қарыздан көп болып кетеді.
Мұндай алаяқтық бір ғана қалада емес, еліміздің бірнеше өңірінде тіркеліп отыр. Елордада 37 жастағы әйел бірнеше шаһарда жалған хабарлама жариялап, 13 адамды алдап соққан.
Ұқсас оқиға осы айда Көкшетау қаласында тергелді. Жергілікті тұрғынның әрекетінен еліміздің әр өңірінде тұратын 23 адам зардап шеккен. Алаяқ әйел жалған құжат пен «жоқ» пәтерлердің суретін танымал платформаларға орналастырған. Қыркүйек айында Абай облысында 22 жастағы азамат пәтер жалға беремін деп 40 адамды сан соқтырған. Алаяқтар заңнан неге қаймықпайды? Құрылтай депутаты Аят Сүгірбай: "Жүгенсіздікті реттеу үшін жаңа Азаматтық кодексті жетілдіру керек", - дейді.
Аят Сүгірбай, ҚР Құрылтай депутаты:
– Енді қазір білесіздер, Президенттің тапсырмасы бойынша Азаматтық кодексті келесі жылдың соңына дейін әзірлеу міндеті қойылған болатын. Соған сәйкес алдағы уақытта осы Азаматтық кодексте аталған мәселелер қаралатын болады. Яғни электрондық платформалар, сайттар, маркетплейстер арқылы жүзеге асырылатын электрондық ақша аударымдары, электрондық келісімшарттар жасау мәселелері – қазіргі заман талабына сай азаматтар кеңінен пайдаланып жүрген қызметтердің барлығы осы Азаматтық кодекспен қамтылатын болады.
Мамандар пәтер жалдамас бұрын оның иесін және құжаттарын тексеруге кеңес береді. Ал төлемді пәтерді өз көзіңізбен көріп, келісімшартқа отырғаннан кейін аударған жөн. Өйткені алаяқтар құрығына түсіру үшін адамды асықтырып, алдын ала ақша талап етеді.