Ақтауда «Saq Bol» ақпараттық платформасы іске қосылады
Биыл Маңғыстауда «Saq Bol» атауымен ақпараттық web-платформа іске қосылады. Цифрлық жоба киберқылмыстың алдын алып әрі тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруды көздейді. Бұл туралы Ақтауда «Cyber Sana» тақырыбында өткен форумда айтылды. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған жиында құзырлы орган өкілдері интернеттен келетін қатерді дер кезінде анықтап, жеке деректерді қорғау жолдарын көпшілікке түсіндірді.
«Saq Bol» - оқыту, білімді тексеру және оқу нәтижелерін талдау үдерістерін бір жүйеге біріктірген жоба. Web-платформаға ғаламтор қолданушы кез келген браузер арқылы кіре алады. Танымдық бейнероликтерді тамашалап, қызықты әрі интерактивті сауалдарға жауап беру арқылы қаржылық сауатын арттырады. Жасанды интеллект сүйемелдейтін жобаны өңірдің экономикалық тергеп-тексеру департаменті әзірлеген.
Диас Қазбек, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары:
- Қылмыстың алдын алу үшін жастарымызды құқықтық қауіпсіздікке үйретіп жатырмыз. Балаларды, студенттерді жандандыру үшін, қызықты болуы үшін біз бұл платформаның, тестілеудің нәтижесі бойынша алдағы уақытта өзіміздің жоспарымыз бар. Финалистерді марапаттап, олармен кең ауқымды форум өткізу.
Цифрлық жоба алдағы уақытта Қаржылық мониторинг агенттігіне ұсынылады. Яғни барлық өңірде қаржылық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру мақсатында қолданылатын бірыңғай оқыту құралына айналады деп күтіледі. Форумда көпшілік құқық қорғаушылармен қатар арнайы шақыртумен келген сарапшылармен де еркін пікір алмасты.
Шолпан Түсіпбекова, қаржы сарапшысы:
- Интернеттегі қауіпсіздік отбасының берекесінен басталады. Отбасының әңгімесінен басталады. Ата-анадан қорықпаған бала өзінің ойын айта алады. Біреудің ықпал етіп жатқанын ата-анасына келіп, көмек сұрай алатын отбасында ғана қаржылай қауіпсіздік болады деп есептеймін.
Айта кетсек, «Эко Маңғыстау» ұйымы ұйымдастырған іс-шара Маңғыстау облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өтті.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев