Қазақстан су қауіпсіздігіне басымдық береді
Қазақстан шетелдік университеттермен бірлескен зерттеулерде су қауіпсіздігіне басымдық бермек, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдар мен жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен өткен дөңгелек үстелде айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, шетелдік университеттердің филиалдары жақын арада толық жұмыс істей бастайды. Ендігі міндет – сол оқу орындарымен бірге зерттеу жүргізіп, оның нәтижесін ел экономикасына пайдалану. Әсіресе су қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі. Президент, бірқатар елдің аумағынан өтетін өзендердің суын қалай бірлесіп басқаруға болатынын зерттеу қажеттігін жеткізді. Ол үшін Орталық Азия елдерінің мамандары бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Бұл бағытта Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің тәжірибесіне сүйенбек.