Үлескерлер үй сапасын онлайн бақылай алады

Енді үлескерлер үйдің салынуын ғана емес, сапасын да онлайн бақылай алады. Баспананың бітуіне мемлекеттік кепілдік беретін Қазақстан тұрғын үй компаниясы цифрландыру арқылы сақтықты күшейтті, деп хабарлайды 24KZ.


Яғни құрылыс барысына ай сайын инжинирингтік тексеріс жүргізіліп, есебі хоум порталына жүктеліп отырады. Бұдан бөлек, құрылыс компанияларының рейтингі де түзіледі. Азаматтар соған қарап, сан соғып қалмаудың амалына ерте кірісе алады. Жалпы Қазақстан тұрғын үй құрылыс компаниясы нарыққа кіргелі 6 жыл. Содан бері ақшасын салып, соңында дымсыз қалатындар қатары азайғаны айтылды. Өйткені аталған оператор сенімге кірген әрі әлеуеті жететін құрылыс жүргізушілермен келісімге отырып, кепілдік береді.

Қанат Ералиев, құрылыс компаниясының бас директоры:

– Ол шарттың бәріне сәйкес болса, кепілдік алынса, ол жобаның бітуіне мемлекет кепілдігін береді. Бір жағынан отбасы банк арқылы сату мүмкіндігіне де ие болады. Ал үлескерлер үйдің уақытында бітіп, кілтін алуға мүмкіншілігі болады.

Тұрғын үй құрылысын қаржылай қолдау көлемі өткен жылғыдан 30 пайызға өскен. Биыл компания 900 млрд. теңге бөлген. Мұның сыртында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға 400 млрд теңге қарастырылған.

Алтай Күздібаев, «Қазақстан тұрғын үй компанияы» АҚ басқарма төрағасы:

– Өткен жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетика саласын жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаны бастадық. Биыл осы мақсатқа барлық әкімдікке жалпы 200 млрд теңге бөлдік. Ал келесі жылы жеке меншік нысандар мен жобаларды да қамтуды жоспарлап отырмыз. Жалпы қаржыландыру көлемі 300–400 млрд теңгеден асады деп есептейміз.

Сондай-ақ оқыңыз: