Қазақстан цифрлық үкіметі дамыған 20 елдің қатарына енді
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орыннан 16-орынға көтерілді. Осылайша, еліміз алғаш рет әлемдегі цифрлық үкіметі ең дамыған 20 мемлекеттің қатарына қосылып, ең жоғары рейтингтік санатқа енді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Екі жыл ішінде Қазақстан рейтингте 8 сатыға жоғарылаған. БҰҰ баяндамасында бұл көрсеткіш көшбасшы елдер арасындағы ең елеулі ілгерілеудің бірі ретінде бағаланды. Қазір Қазақстан цифрлық үкіметтің даму деңгейі бойынша Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ сияқты елдермен бір санатта.
Рейтингтегі өсім цифрлық инфрақұрылымның дамуы, интернет пен мобильді байланыстың қолжетімділігі, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығының артуы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, байланыс сапасы мен интернеттің қолжетімділігі бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 41-орыннан 13-орынға көтерілді. Ал цифрлық сауаттылық көрсеткіші шамамен 1,5 есе артқан.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Биылғы қаңтар-қазан айларында электрондық үкімет арқылы 51 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Оның үштен екісіне жуығы смартфон арқылы алынған.
Үкіметтің мәліметінше, цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Жаңа буын eGov платформасы жаңартылып, мемлекеттік деректер базалары біріктірілуде. Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін өзіне-өзі қызмет көрсету орталықтары ашылып жатыр.
Рейтинг біз үшін ешқашан түпкі мақсат болған емес, ол ауқымды әрі жүйелі жұмыстың нәтижесіне айналды. Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру жөнінде нақты міндет қойды. Нәтижеге жекелеген жобалар емес, жүйелі жұмыс арқылы қол жеткізілді. Өйткені БҰҰ жекелеген сайттарды емес, мемлекеттің тұтас қалай жұмыс істейтінін бағалайды, – деді Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Айта кетейік, ТМД және Орталық Азия елдері арасында Қазақстан электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша көш бастап тұр. Әлемдік рейтингте Өзбекстан 32-орында, Әзербайжан 38-орында, Ресей 50-орында орналасқан.