СҚО-да үш жылда 32 ферма салынды

Солтүстік Қазақстан облысында «өңір тәжірибесін тарату» бағдарламасымен соңғы үш жылда 30-дан астам сүт тауарлы ферма салынды. Қазір облыс аумағында жалпы 118 ферма жұмыс істеп тұр. Оның жартысы заманауи технологиямен жабдықталған, деп хабарлайды 24KZ.


Президент өз Жолдауында озық тәжірибелерді ел аумағында кеңінен таратып, инвесторларға уақытылы қолдау көрсетуді тапсырған еді. Оның ішінде мал шаруашылығына да заманауи тәсілдерді енгізу қажеттігін айтты. Аққайың ауданындағы «Дайындық-Агро» серіктестігінде бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті.

Асқат Сүттібай – 30 жылдық тәжірибесі бар механизатор. «Дайындық-Агро» кәсіпорнында бес жылдан бері еңбек етеді. Кей жылдары қалада тұрғанымен, жүрек қалауымен ауылға оралған.

Асқат Сүттібай, механизатор:

– Техника жалдап, осында келдім. Қазір жұмыс істеп жатырмын. Табысы да жақсы. Науқан кезінде 2–3 миллион теңге табамын. Әрине, бұл комбайнның қанша жүргеніне және өзімнің жұмыс істеуіме байланысты.

30 жыл бұрын құрылған «Дайындық-Агро» серіктестігінде 120 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы - 450 мың теңге. Еңбегіне қарай кейбір жұмысшылар жылына 10 млн теңгеге дейін табыс табады. Шаруашылықта мың жарым бас ірі қара бар. Серіктестік цифрлық технологиялар енгізіп, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану нәтижесінде кәсіпті дамытып отыр. Президент өз Жолдауында осы ауыл шаруашылығындағы озық тәжірибені кеңейтіп, инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырған еді.

Біржан Шәймерденов, «Дайындық-Агро» ЖШС директоры:

– «Кең дала» бағдарламасынсыз күніміз жоқ. Көктемде қысқа мерзімге несие аламыз. Күзде қарызды толық өтеп, келесі көктемде қайта қаржыландырыламыз. Өте ыңғайлы.

Биыл облыста «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 645 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 130 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие берілген. Айта кетейік, өңірде соңғы үш жылда СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 3 2 ферма салынды. Бүгінде облыста 118 ферма бар. Оның жартысы заманауи техникамен жабдықталған.

Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Сондай-ақ оқыңыз: