Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкімет индексінде 16-шы орынға көтерілді
Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша 16-шы орынға көтерілді. Еліміз бұл рейтингте алғаш рет үздік 20 мемлекеттің қатарына еніп отыр. Қазақстан екі жылда Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапонияны басып озды. Ал цифрлық мемлекет құрудың үлгісі ретінде танылған Эстониямен арадағы алшақтық төрт есе қысқарды, деп хабарлайды 24KZ.
Электрондық үкіметі барынша дамыған мемлекеттер тізіміне әлемнің 21 елі кіреді. Қазір Қазақстан Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ-пен қатар тұр. Мемлекетіміз ТМД елдері арасынан үздік 20 елдің қатарына енген жалғыз мемлекет. БҰҰ баяндамасында eGov.kz және eGov Mobile экожүйесіне интеграцияланған цифрлық мемлекеттің үлгісі деген баға берілді. Ал alem.ai халықаралық орталығы білім беру, зерттеу, стартаптар және қолданбалы жасанды интеллектіні дамыту алаңы ретінде атап өтілді.
Винченцо Акуаро, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті Цифрлық үкімет бөлімінің басшысы:
– Рейтингтің басында тұрған елдер цифрлық үкімет саласындағы көшбасшылық географиясының өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Бірінші орынды Корея Республикасы иеленсе, одан кейін Дания, Сингапур, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері тұр. 2024 жылы Цифрлық үкіметті дамыту деңгейі өте жоғары 18 мемлекет болса, биыл олардың саны 21-ге жетті. Ирландия, Қазақстан және Польша бұл санатқа алғаш рет енді. Сондай-ақ Қазақстан осы дәрежеге жеткен Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет.
UN E-Government Survey – БҰҰ екі жылда бір рет жариялайтын баяндама. Рейтинг ұйымға мүше 193 мемлекетті қамтиды. Ол онлайн қызметтерді, телекоммуникациялық инфрақұрылымды және адами капиталды бағалайды. БҰҰ мемлекеттер байланыс саласында айтарлықтай алға жылжығанын атап өтті. Мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 41-ші орыннан 13-ші орынға көтерілді. Азаматтар цифрлық сервистерді белсенді пайдалана бастаған. Сондай-ақ БҰҰ сарапшылары еліміздегі Цифрлық үкіметтің құқықтық базасына жоғары баға берді.
Навид Ханиф, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық даму мәселелері жөніндегі көмекшісі:
– 25 жыл бұрын БҰҰ Электрондық үкімет жөніндегі алғашқы шолуын жариялаған кезде, цифрлық үкімет енді ғана қалыптаса бастаған еді. Ал бүгінде ол мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тәсілін және азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу жолдарын түбегейлі өзгертіп отыр.
Бұған дейін Қазақстан дәл осы рейтингте 24-ші орынға тұрақтаған еді. Небәрі екі жыл ішінде 8 сатыға жоғарылады. Бұл жүйелі мемлекеттік саясаттың жемісі. Айта кетейік, бүгінде қазақстандықтар мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамына онлайн қол жеткізе алады.
Автор: Мөлдір Жақан