Омарғазы Айтанұлының шығармалар жинағы жарық көрді
Алматыда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, драматург Омарғазы Айтанұлының шығармалар жинағы жарық көрді. Бес томдықтың таныстырылымы Ұлттық кітапханада өтті. Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері мен ақынның жақындары қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Жинаққа Айтанұлының өлеңдері мен дастандары, пьесалары мен романдары, әдеби сын еңбектері және әңгімелері енді. Оның қаламынан шыққан «Аң шадырын оқ табар» романы, «Ақ мысық» пьесасы көпшілікке таныс. Омарғазы Айтанұлы қазақ поэзиясына еркін өлең үлгісін әкеліп, тың бағыт қалыптастырды. Көзі тірісінде оқырман ықыласына бөленді.
Ұмтыл Зарыққан, ақын, журналист:
– Омарғазы Айтанұлы әдебиет пен поэзияға өткен ғасырдың 50-жылдарының ортасында келді. Оның шығармашылығы қазақ әдебиетінде еркін өлеңнің қалыптасуына жол ашты. Ақын осы бағытты қазақ поэзиясына әкеліп, оның дамуына үлес қосты. Шығармашылығының ауқымы өте кең. Ақынның ойлау жүйесі мен көркемдік танымы да күрделі.