БЖЗҚ алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескертті
Алаяқтар енді жасанды жадының көмегімен халықты тұзағына түсіруде. Олар құйтырқы әрекетін іске асыру үшін тіпті жалған сайт ашудан да тайынбайды. Азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атын жамылып, тұрғындарды арбауда, деп хабарлайды 24KZ.
Алаяқтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкері болып танысып, азаматтардың жеке деректерін алуға барын салып жатыр. Олар «зейнетақы жарнаңыз түспей жатыр», «зейнетақыңыз қайта есептелді» немесе «қосымша төлем тағайындалды» деген сылтаумен хабарласады. Тіпті жалған сайттар жасап, жасанды интеллект арқылы дауыс пен бейнематериалдарды да қолдан жасайды. Бөлімшелерге электрондық кезек брондау үшін SMS-хабарлама арқылы келген кодты айтуды сұрайды.
Бірыңғай жинақтаушы қорының қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайтынын, SMS-кодтарды немесе парольдерді айтуды, сондай-ақ қандай да бір шотқа ақша аударуды талап етпейтінін есте ұстаған жөн. Зейнетақы жинақтарын тек заңнамада көзделген жағдайларда ғана алуға болады. Бұл ретте ешқандай делдалдың көмегіне жүгінудің қажеті жоқ. Кез келген ақпаратты тек БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайты немесе Қордың ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет.
Ал ішкі істер министрлігінің мәліметінше, интернет-алаяқтықпен күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Биылғы жылдың 10 айында елімізде 17 мыңнан астам осындай қылмыс тіркелген. «Дегенмен былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 24,7 пайызға төмендеген», – дейді мамандар.
Шұғыла Тұрлыбек ҚР ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің басқарма бастығы:
– 2026 жылдың 10 айында елімізде 17 мыңнан астам интернет алаяқтықтың дерегі тіркелген. Осы қылмыс түрі үшін биылғы жылы 1165 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Негізінен соңғы 3 жылда интернет алаяқтық дерегінің саны 40 пайызға азайып отыр.
Алаяқтықтан зардап шеккен азаматтар өз құқықтарын заң аясында қорғай алады. Ал қылмыстық схемаға қатысқан дроперлер 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар заңда негізсіз баю арқылы жоғалған қаражатты қайтару тетігі де қарастырылған.
Нұрсұлтан Орынбеков, заңгер:
– Алайда барлық қылмыскер дроперлер болып танылмайды. Көбінесе мәселе бұл жерде негізсіз баю деген баб бар азаматтық кодексте. 953-ші баб бойынша негізсіз баю арқылы азаматтар ақшасын қайтара алады. Антифрод жүйесі арқылы азаматтар ақшаларын кеткен бойда алданып кеткенін өздері білсе, бірден 102-ге, полицияға хабарласу керек және банкке жазу керек.
Қаржылық қауіпсіздік әр азаматтың сақтығына байланысты. Сондықтан күмәнді хабарламаларды елемей, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексерген жөн.