Мұғалімдер цифрлық платформаны пайдаланады
Абай облысы Бесқарағай ауданында мектеп директоры мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін цифрлық платформа жасады. UstazDamu атты авторлық қосымша арқылы ұстаздар онлайн форматта есеп беріп, қағазбастылықтан арылады, деп хабарлайды 24KZ.
Бесқарағай ауылдық мектебінің ұстаздары бірте-бірте қағазбастылықтан арылып келеді. Олардың негізгі жұмыс үдерістері UstazDamu платформасына көшірілді. Атқарылған істері туралы мәліметтер, түрлі құжаттар, басшылыққа арналған есептер енді цифрлық жүйеде сақталады. Жоба авторы – мектеп директоры Нұржанат Еркімбаева.
Нұржанат Еркімбаева, Бесқарағай ауылындағы №1 мектеп директоры:
– Мектептегі барлық мұғалімнің оқу-тәрбие үдерісін басқарудағы тиімді әдіс-тәсілдерін осы платформа арқылы бір жерден басқару бүгінгі таңда оң нәтижесін беріп отыр. Яғни мұғалімдердің атқарып жатқан жұмыстарын, мектептегі тәрбие жұмысын, оқу үдерісіндегі түрлі бағыттар бойынша сабақтарды зерттеуді, мұғалімдердің сабақ беру шеберлігін шыңдауды және сабақ жоспарларын құрастыруды бір цифрлық платформа арқылы бақылауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар оқушылардың түрлі жобаларға қатысып, жұмыс істеу барысын да осы платформа арқылы көріп отыра аламыз.
Жүйеде әрбір мұғалімнің жеке кабинеті, электрондық күнделігі бар. Сонымен қатар кәсіби қауымдастықпен ақпарат алмасуға және цифрлық жобалармен танысуға болатын арнайы бөлімдер қарастырылған. Өз кезегінде мектеп басшылығы ұстаздардың жұмысын онлайн-режимде қадағалай алады.
Досжан Қаббасов, Бесқарағай ауылындағы №1 мектептің информатика пәні мұғалімі:
– Бұл бағдарламамен жұмыс істеу өте оңай, аса қиындық тудырмайды. Атқарған жұмыстарыңды директорға апарып, құжат тапсыру үшін оны іздеп жүрудің қажеті жоқ. Құжаттарды сканерлеп, тікелей платформаға жүктейсің. Ал директор оларды сол жерден қарап, бақылап отырады. Мұғалімдердің жұмысы алты бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, Lesson Study, Action Research, тәрбие жұмысы және оқу ісі жөніндегі директор орынбасарларының жұмыстары қамтылған. Мұғалімдер осы бағыттар бойынша атқарған жұмыстарын платформаға тұрақты түрде енгізіп отырады.
Цифрлық технологиялардың білім саласындағы рөлі күн санап артып келеді. Мұғалімдер оларды тек құжаттама жүргізу үшін ғана емес, сабаққа дайындық барысында кеңінен қолданып жүр.
Альфия Нигматуллина, облыстық әдістемелік орталық басшысының орынбасары:
– Бірнеше жыл бұрын енгізілген Bilim land платформасында да қазір жасанды зерде элементтері бар. Оның көмегімен тест сұрақтарын жасақтауға, оқушылардың нәтижелерін өңдеуге болады. Үнемделген уақытты мұғалімдер өздерінің кәсіби біліктілігін көтеруге арнай алады.
Жаңа технологияларды дамытуға ұстаздар қауымы үлкен үлес қосып жатыр. Биыл Абай облысында 66 мұғалім жасанды зердені білім беру саласында пайдалануға бағытталған авторлық жобалар ұсынды.
Авторлары: Астанбек Шығыр, Мәди Базарбеков