Білім саласындағы Тәуелсіздік құрдастары: ауыл мектебіндегі мүмкіндіктер
Солтүстік Қазақстан облысының мектептерінде ел Тәуелсіздігімен құрдас 200-ден астам мұғалім еңбек етеді. «Қазір жастар ауыл мектебінде жұмыс істеуден қашпайды», – дейді мамандар. Себебі мұғалімдерге қолайлы жағдай, заманауи жабдықтар мен кәсіби өсу мүмкіндігі оң ықпалын тигізді, деп хабарлайды 24KZ.
Тәуелсіздік құрдасы Диана Дарбаева №3 Бескөл орта мектебінде жұмыс істейді. Еңбек жолын Петропавлда бастаған. Кейін ауылға қоныс аударып, ұстаздық қызметін осында жалғастырды. Ол бұл шешіміне өкінбейді. Айтуынша, мемлекет тарапынан педагогтерге қолдау көрсетіліп, жұмысқа қолайлы жағдай жасалған.
Диана Дарбаева, география пәнінің мұғалімі:
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өзім осыдан 6 жыл бұрын Бескөл ауылынан өзіме үй алған болатынмын. Айына ақысы көп емес. 15 жылға 25 мыңдай ғана төлейміз. Ешқандай пайызсыз. Осы мектепте барлық жағдайлар жасалған. Материалдық-техникалық базасы 100 пайыз дерлік жоғары деңгейде қамтылған.
Ал Раушан Тұғаева – Қызылжар ауданының тумасы. Ол туған жерінде еңбек етуді таңдаған. Айтуынша, ауыл мектебіндегі жағдай қалалық білім ордаларынан кем емес. Білім саласында ауқымды өзгерістер болып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып жатыр дейді.
Раушан Тұғаева, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Бүгінде оқушылар мен мұғалімдерге барлық мүмкіндік жасалған. Мектепте түрлі үйірме жұмыс істейді. Сабақ барысында жасанды интеллектіні де қолданамыз. Қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті, интернет те бар.
№3 Бескөл орта мектебі 2020 жылы ашылған. Алғашында 276 бала болса, қазір 440-тан астам оқушы білім алады. 62 мұғалім еңбек етеді. Мамандардың айтуынша, бүгінде жастардың көбі ауыл мектептерінде жұмыс істеуге ниетті.
Айнұр Сәрсенова, №3 Бескөл орта мектебінің директоры:
– Педагогтерге барлық жағдай жасалған. Себебі біздің мектепті алатын болсақ, әр кабинетте өздеріңіз көргендей, мұғалімге арналған компьютер, принтер бар. Әр кабинеттерімізде LED экранымыз бар. Бұл материалдық жағынан мұғалімге көмек. Мектепте интернет жүейсі орнатылған. Мұғалімдер тез арада өздерінің сабақтарына керекті нәрселерді жасай алады. Соны тез арада қолдана алады.
Мектеп ұжымы былтыр «Ең үздік білім беру ұйымы» байқауында жеңімпаз атанып, 68 млн теңге иеленді. Қаржыға бірнеше заманауи кабинет жабдықталды. Олардың қатарында облыстағы алғашқы ашылған журналистика сыныбы да бар.
Фархат Тастамбеков, қосымша білім беру мұғалімі:
– Мұның барлығы балалардың ерте жастан кәсіби бағдарлануына, олардың мамандық таңдануына, олардың қосымша машықтануына қажетті. Яғни олар журналистиканы, SMM-ді үйренеді. Осы жерде операторлық өнер, мобилография бар. Солардың барлығын балалар ерте жастан үйренеді де, болашақта мектеп бітіріп шыққаннан кейін өз таңдауларын жасап, өздеріне қажетті машықты қолдана алады деген ойдамыз.
Бүгінде облыс мектептерінде Тәуелсіздік құрдасы атанған 200-ден астам мұғалім еңбек етеді. Айта кетейік, егемендік жылдарында елімізде 2 мыңнан астам мектеп салынды.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков