Оңтүстікте жаңа су қоймалары салынады

«Текесу» су қоймасы бұрынғыдан да кеңейеді әрі жаңарады, деп хабарлайды 24KZ.

Оңтүстік аймақта ауыл шаруашылығына қажетті қосымша су қорын қалыптастыру жұмыстары жүріп  жатыр. Түркістан облысында екі су қоймасы пайдалануға берілмек. Осының арқасында қардың суын зая кетірмей шаруашылыққа пайдалануға мол мүмкіндік тумақ. Жалпы Президент тапсырмасы аясында 2030 жылға дейін елде 42 су қоймасы салынады.

Балабөген мен Үлкенбөген өзендері түйіскен тұста бой көтерген «Бәйдібек ата» су қоймасы биыл пайдалануға беріледі. Үш жыл бұрын қолға алынған жоба аясында қойманың жағалауы бекітіліп бетондалды. Сондай-ақ кірме жол төселді. Жаңа нысан вегетацияаралық кезеңде 68 миллион текше метрге дейін су жинауға қауқарлы. Бұл ауыл шаруашылығы алқаптарының 9700 гектар жерін тұрақты суаруға мүмкіндік береді. Су бөлуді реттеу үшін «Сарқырама» каналы салынды. 

Хусайн Бекбауов, Бөген ауылдық округінің тұрғыны:

- Жаздың күндері су тартылған кезде егістікке су табылмайды. Тіпті мал суаратын су табылмай, қиыншылықтар көріп жатыр шаруашылықтар. Ертеңгі күні осы канал арқылы су жүрсе, үш ауылды елді мекеннің шаруа қожалықтары қиыншылық көрмейді деген үмітіміз бар. 

Ал Төле би ауданында сыйымдылығы 1,2 миллион текше метр болатын «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған. Жаңа нысан тасқынның алдын алып, егіс науқанында су тапшылығын азайтып, алқаптарды уақытылы суаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Шымкентте салынғанына 50 жылға жуықтаған су қоймасы қауіпсіздік талаптарына сай жаңартылатын болды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Текесу қаладағы көне гидротехникалық нысандардың бірі. Су қоймасының жай-күйін жан-жақты тексерген мамандар "нысан су жинауға жарамсыз" деген қорытынды шығарды. Енді жаңғырту жұмыстары аясында табаны тереңдетіліп, аумағы ұлтайтылады. Нәтижесінде су сыйымдылығы 600 мың текше метрге дейін артады. 

«Тексеру қорытындысына сәйкес, су қоймасының толымдылығын 30 пайыздан асыруға болмайды. Әйтпесе іргедегі тұрғын үйлерге қауіп төнуі мүмкін», - дейді мамандар. Сондықтан нысанды жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Жоба бойынша тозығы жеткен су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Әбілқайыр Оңғар, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы:

- Жалпы Текесу су қоймасына келетін судың көзі Төле би аудандарында орналасқан таулардан, бұлақ көздерінен болып табылады. Осы сулардың барлығын біз жинақтау арқылы үй іргелік жерлерге, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерге суды жеткізіп беріп отырамыз. Бюджеттен қаржы берілгеннен кейін келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастап, жыл аяғына дейін аяқтау жоспарымызда бар.

Салалық министрліктің мәліметінше, 2030 жылға дейін Президент тапсырмасымен 42 су қоймасын салу жоспарланған. Бұған қоса, тозығы жеткен 37 гидротехникалық нысанды жаңғырту көзделген. Қауіпсіздік талаптарына сай жаңа нысандардың жоғалауы нығайтылып, аумағы қоршалады. Жарықтандыру және дабыл жүйесі орнатылуға тиіс.

Авторы Нұрсұлтан Мұхамеджан

Сондай-ақ оқыңыз: