Елімізде өрт қауіпсіздігінің 10 күндігі басталды
Күн суытып, жылыту маусымы басталған тұста өрт қаупі де арта түседі. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі елімізде өрт қауіпсіздігінің республикалық 10 күндігін бастады. Науқанның негізгі мақсаты – өрттің алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және қайғылы оқиғалардың санын азайту. Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Қайыржан Ақшайықов «24KZ» арнасына берген сұқбатында профилактикалық жұмыстар тек тұрғын үйлермен шектелмейтінін айтты.
Мамандар әлеуметтік және қоғамдық нысандарды аралап, автожолдар мен жанар-жағармай құю бекеттерінде де рейд жүргізеді.
Бұл акцияның басты мақсаты – мүмкін болатын өрттердің алдын алу және қайғылы оқиғалардың санын азайту. Халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін жіті түсіндіріп, ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізілуде, – дейді маман.
Биылғы науқан аясында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың тұрғын үйлеріне ерекше назар аударылады. Олардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнатылып, пештерін жөндеуге көмек көрсетіледі. Сонымен қатар электр сымдарының жай-күйі тексеріліп, анықталған ақауларды жою бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Маманның сөзінше, жылыту маусымында өрттің шығуына көбіне электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау және ақауы бар жылыту қазандықтарын қолдану себеп болады.
Өрттің шығуының негізгі себептерінің бірі – электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау және жылыту қазандықтарын бұзылған күйінде пайдалану, – деп ескертті Қайыржан Ақшайықов.
Комитет өкілінің мәліметінше, жылыту маусымы басталғалы бері елімізде 757 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5 пайызға аз. Алайда өрт салдарынан 33 адам қаза тауып, тағы 27 адам түрлі дене жарақатын алған.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Пештер мен мұржалардың жарамдылығын үнемі тексеріп, электр құрылғылары мен жылыту жабдықтарын қараусыз қалдырмау қажет. Әсіресе балалардың оларды өз бетінше пайдалануына жол бермеу маңызды.
Өрт қауіпсіздігін сақтау керек. Өйткені бұл – өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі, – дейді Қайыржан Ақшайықов.