ШҚО-да ТЖМ қызметкерлері жұқа мұз астына түсіп кеткен баланы құтқарды
Оқиға Алтай қаласындағы Курчатов көшесінің маңындағы батпақты аумақта орын алған. 9 жастағы бала жұқа мұздың үстімен жүргенде, мұз жарылып суға түсіп кеткен, деп хабарлайды 24KZ ТЖМ-нің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап.
Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ қызметкерлері баланы судан алып шығып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Дәрігерлер оның денесі қатты тоңазығанын анықтап, ауруханаға жеткізді. Қазір баланың жағдайы қалыпты.
ТЖМ қызметкерлері ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмай, жұқа мұз үстіне шығудың қауіпті екенін түсіндіріп, су айдындары маңында ойнауына жол бермеу керектігін ескертті.