Қазақстандық әйел әскери қызметші алғаш рет күрең қызыл беретке ие болды

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшісі ел тарихында алғаш рет Арнайы операциялар күштерінің айрықша белгісі саналатын күрең қызыл беретке ие болды. Тиісті бұйрыққа ҚР Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы қол қойған, деп хабарлайды 24KZ.

Күрең қызыл берет – Арнайы операциялар күштері жауынгерлерінің ерекше айырым белгісі. Ол әскери қызметшінің дене дайындығы, тактикалық шеберлігі мен психологиялық төзімділігі жоғары деңгейде екенін білдіреді. Бұл беретті иелену үшін әскери қызметшілер қатаң іріктеуден өтіп, арнайы сынақтардан сүрінбей өтуі керек.

Әскери қызметші бұл жетістігі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, күрең қызыл беретті иелену өзі үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік екенін атап өткен.

Бұл жай ғана әскери бас киім емес. Ол – Отанға адалдықтың, табандылықтың, тәртіп пен абыройдың белгісі, – деді ол.

Оның айтуынша, әскери қызмет пен спорт мінезін шыңдап, қиындыққа мойымауды үйреткен. Ол алдағы уақытта да елге адал қызмет етіп, жаңа белестерді бағындыруға ниетті екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз: