Елде 2,2 млн бала үйірме-секцияларға тегін қатысады
Қазақстанда 2 млн 200 мың бала сабақтан тыс үйірмелер мен спорттық секцияларға тегін қатысады. Былтыр балалардың 90 пайызы қосымша біліммен қамтылған, деп хабарлайды 24KZ.
Яғни 3,5 млн бала түрлі үйірмеге барса, оның екі млн-нан астамы тегін қатысуға мүмкіндік алыпты. Биыл бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 2025 жылдан бастап іске қосылған «Бір ваучер – бір бала» бағдарламасы аясында 314 мың бала үйірмелерге тегін қатысып жатыр. Тағы 2 млн 200 мың жеткіншек спорттық секцияларға жазылған. Бүгінде елімізде үш мыңға жуық үйірме жұмыс істеп тұр.
Ауыл-аймақтарда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған мыңдаған коммьюниті орталығы қызмет көрсетеді. Келесі жылы оқушылар сарайы, балалар технопаркі, музыкалық және шығармашылық мектеп сияқты 100-ге жуық ірі нысан құрылысы жоспарланған. Осылайша, балаларды 100 пайыз қосымша білім берумен қамту стратегиясы толық іске асырылуы тиіс.